
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Ақкөл қаласындағы әскери бөлімнің мерзімді қызмет әскери қызметшілерімен кездесті. Іс-шара саптық плацта басталды. Ведомство басшысы сарбаздарға қызметі үшін алғыс білдірді. Ол тәртіп, жауапкершілік және әскери борышқа адалдық әрбір әскери қызметші үшін маңызды қасиеттер болып қала беретінін атап өтті.
Бұған дейін наурыз айында министр осы әскери бөлімге барған болатын. Сол кезде ол нысандарды жаңғырту және аумақты абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берген. Осыдан кейін бөлімде жеке құрамның қызмет өткеру, демалу және тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Іс-шара барысында жаңа қарауыл үй-жайы ашылды. Ол қарауыл қызметін атқаратын әскери қызметшілердің күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталды. Ғимаратта жайлы жатын бөлмелер дайындалып, санитарлық тораптар жаңартылды, тұрмыстық үй-жайлар мен демалыс орындары қарастырылды. Жеке құрамның кезекшіліктен кейін толыққанды тынығуына және қызметтік міндеттерін қалыпты жағдайда орындауына қажетті жағдай жасалды.
Іргелес аумақ пен техникалық үй-жайларға да ерекше назар аударылды. Әскери бөлімнің гараждары ретке келтіріліп, олардың жай-күйі мен сыртқы келбеті жақсартылды. Аумақты абаттандыру, жекелеген нысандарды жаңарту және әскери қызметшілер үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілді.
Жаңа нысандарды аралап көргеннен кейін Шыңғыс Әрінов мерзімді қызмет сарбаздарымен бірге асханаға барды. Онда бейресми түрде әскери қызметшілермен түскі ас ішті. Министр сарбаздар тағамынан дәм татып, жеке құраммен әңгімелесті. Кездесу барысында әскери қызмет өткеру, кадр даярлау және алдағы кәсіби өсу мүмкіндіктері талқыланды. ТЖМ басшысы ведомство мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Мерзімді қызметті аяқтағаннан кейін үздік әскери қызметшілер ТЖМ жүйесінде келісімшарт негізінде қызметін жалғастыра алады.
Министр Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасына сәйкес елде армияны нығайту, қорғаныс әлеуетін арттыру және әскери дайындықты заманауи талаптарға сәйкестендіру бағытында шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Шыңғыс Әрінов мерзімді қызмет сарбаздарына табыс, мықты денсаулық және қызметін абыроймен аяқтауды тіледі. Ол елімізге дайындықтан өткен, жауапты және Отанға адал мамандар қажет екенін ерекше атап өтті.
Іс-шараның соңында мерзімді әскери қызметін аяқтап жатқан әскери қызметшілерге естелік сыйлықтар табыс етілді. Мерзімді қызмет әскери қызметшілері альбомдар мен рюкзактар алды. Мұндай рюкзактар алдағы уақытта ТЖМ қатарындағы барлық мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне берілетін болады.
Жаңғырту және абаттандыру жұмыстарына қатысқан мердігер ұйымдардың басшылығы мен қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды. Әскери бөлім инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасады. Алдағы уақытта футбол алаңы мен жүгіру жолағын салу жоспарлануда.