
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Ақкөлге жұмыс сапары барысында ТЖМ әскери қалашығында болып, тұрғын үй қорының, аумақтың және инфрақұрылым нысандарының жаңару барысымен танысты. Бұл жұмыстар ведомство басшысының наурыз айында әскери бөлімге жасаған сапарынан кейін берген тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.
Әскери қалашықта әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының жағдайы кезең кезеңімен жақсартылуда. Пәтерлерде реновация жүргізіліп, аула аумақтары ретке келтіріліп, қоғамдық орындар абаттандырылуда. ТЖМ басшысының шешімімен әскери қалашықтағы тұрғын үйлерге жас дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің отбасылары қоныстанатын болады. Мұндай тәсіл тұрғындарға қызмет етіп жүрген мамандарды қолдауға, сондай-ақ қалашықты отбасылық өмірге қолайлы, жайлы және толыққанды ортаға айналдыруға мүмкіндік береді.
Аумақта балаларға арналған ашық аспан астындағы кинотеатр, спорт алаңы, қажетті жабдықтармен қамтылған балалар ойын аймағы, шағын сәулет нысандары мен муралдар пайда болды. Бұл нысандар қалашықты тұрғындар үшін заманауи және жайлы ете түсуде.
Министр әскери қалашықты абаттандыру және жаңарту жұмыстарының жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша қалашық қызмет етуге, өмір сүруге және балаларды тәрбиелеуге қажетті барлық жағдай жасалған үлгілі тұрғын орынға айналуы тиіс.