Жыл сайын ТЖМ әскери бөлімдеріне шамамен 800 мерзімді әскери қызметші шақырылады

Жыл сайын ТЖМ әскери бөлімдеріне шамамен 800 мерзімді әскери қызметші шақырылады

  Биылғы көктемгі шақыру науқаны аясында ТЖМ әскери бөлімдеріне еліміздің 16 өңірінен 400-ден астам әскерге шақырылушыны жіберу жоспарлануда. Мерзімді әскери қызметшілердің келісімшарт негізінде қызметін жалғастыру көрсеткіші оң динамика көрсетіп жатқаны атап өткен жөн. Мәселен өткен шақыру қорытындысы бойынша 51 сарбаз қызметін келісімшарт негізінде жалғастыру туралы шешім қабылдады.

  Жыл сайын ТЖМ бөлімшелеріне шамамен 800 мерзімді әскери қызметші шақырылады. Әскерге шақырылушыларды сапалы іріктеуді қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар департаменттері мен әскери бөлімдерде арнайы жұмыс топтары құрылды. Олардың құрамына даярланған офицерлер, медицина мамандары мен психологтар енгізілген. Бұл болашақ әскери қызметшілердің денсаулық жағдайы мен кәсіби жарамдылығын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

  ТЖМ қарамағында өңірлік қағидат бойынша орналасқан азаматтық қорғаныстың бес әскери бөлімі бар. Орталық өңірге Қарағанды қаласындағы 52859 әскери бөлімі, оңтүстік өңірге Ұзынағаш ауылындағы 28237 әскери бөлімі, шығыс өңірге Семей қаласындағы 68303 әскери бөлімі, батыс өңірге Ақтөбе қаласындағы 20982 әскери бөлімі, солтүстік өңірге Ақкөл қаласындағы 55209 әскери бөлімі қызмет көрсетеді. Осы әскери бөлімдердің екінші құтқару батальондары Алматы, Орал, Өскемен және Қостанай қалаларында орналасқан. Күштер мен құралдардың осындай үйлесімді бөлінуі әскери бөлімшелердің кез келген төтенше жағдайларға жедел әрекет етуі мен ұтқырлығын арттырады.

  Әскери қызметшілердің білімі мен кәсіби дамуына ерекше назар аударылуда. «Мерзімді әскери қызметшілер -2.0» бағдарламасы аясында өткен жылы 59 сарбаз жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік білім гранттарын иеленді, оның ішінде 23-і әскери жоғары оқу орындарына қабылданды. Сонымен қатар жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында білім беру ұйымдарымен 20 меморандумға қол қойылды. 500-ден астам әскери қызметші жүргізуші, аспаз, газэлектрдәнекерлеуші, альпинист, мобилограф және ұшқышсыз ұшу аппараттарының маманы секілді қосымша мамандықтар бойынша білім алды.