ТЖМ су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуде

ТЖМ су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуде

  Бүгін Қазақстанның ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «ТЖМ су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуде» тақырыбында брифинг өтті. Спикер болып ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасының бастығы Магомет Ахриев сөз сөйледі.

  ТЖМ басқа да орталық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізуде. ТЖМ, ІІМ және волонтерлік ұйымдардың күшімен қауіпті аумақтарда адам өлімінің алдын алу мақсатында 22 мыңнан астам рейд пен патрульдеу ұйымдастырылды. Бұл шаралар азаматтардың судағы қауіпсіздік қағидаларын (жалпы су пайдалану және қоғамдық орындарда болу талаптарын) бұзуының алдын алуға бағытталған.

  Анықталған құқық бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы («Жалпы су пайдалану қағидаларын бұзу»), 412-бабы («Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау»), 440-бабы («Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

  Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия отырысында қаралды.

  Жыл басынан бері ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқаны жүргізілді. 7,5 мың бала жүзу дағдыларына оқытылды, бұл жұмыс жалғасуда. 95 мыңға жуық көрнекі оқу материалдары (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) таратылды. Су айдындарында 760 қауіпсіздік белгісі орнатылды. Әкімдіктер тарапынан балаларға арналған қауіпсіз жағажайлар дайындалып, онда құтқарушылар шомылу маусымында балаларды жүзуге үйретеді.

  Шомылу маусымының басталуымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің күшімен күзетілмейтін су айдындарында қосымша 168 маусымдық мобильді құтқару бекетін орналастыру жоспарлануда.

  Қауіпсіз демалыс орындары туралы ақпарат әкімдіктер мен өңірлік төтенше жағдайлар департаменттерінің сайттарында, сондай-ақ 2ГАЖ қосымшасында жарияланады.

  ТЖМ өңір әкімдіктерімен бірлесіп қауіпсіздік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытуды көздеп отыр. Халық көп жиналатын демалыс орындарында құтқару станцияларын салу және жарақтандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні 8 нысан пайдалануға берілді. Соңғы екі жылда құтқару бөлімшелері заманауи жоғары жылдамдықты катерлермен жабдықталуда.

  Биыл республика бойынша су айдындарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін 733 рұқсат етілген орын айқындалды. Оның ішінде 257 коммуналдық жағажай, 433 жекеменшік жағажай бар. Айта кету қажет, коммуналдық жағажайлардың барлығы халық үшін тегін.

  Жүргізілген кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде суға кету оқиғаларының саны жыл сайын азайып келеді. Өткен жылы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері патрульдеу барысында 276 адамды, оның ішінде 85 баланы құтқарды. 2025 жылғы шомылу маусымында адам өлімі 2024 жылмен салыстырғанда 22%-ға төмендеді.

  ТЖМ азаматтарды судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады. Қарапайым қағидаларды сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

  Тыйым салынған орындарда шомылғаны, сондай-ақ тыйым салынған жерлерде шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарын пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.