Астанада №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында өрт сөндіру қызметінің бөлімшелеріне жаңа АЛ-55 және АЛ-60 автосатыларын табыстау рәсімі өтті. Техниканың кілттерін Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов табыс етті.
Түркияда құрастырылған жаңа автосатылар бұған дейін елордалық гарнизонда қолданылмаған және техникалық сипаттамалары жағынан елімізде баламасы жоқ. ТЖМ басшысы техникалардың Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту аясында жеткізіліп жатқанын атап өтті.
Техниканы пайдалануға берер алдында елордада түркиялық мамандардың қатысуымен жеке құрамға оқыту өткізілді. Практикалық сабақтар бөлімшелердің биік нысандарда жұмыс істеу кезінде жаңа техниканы тиімді қолдануға дайындығын қамтамасыз етті.
Биік ғимараттар қарқынды салынып жатқан мегаполис үшін мұндай техниканың маңызы зор. Автосатылар шамамен 10 секунд ішінде он қабатты ғимарат деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді, адамдарды жедел эвакуациялауды және өрт сөндіру құралдарын жеткізуді қамтамасыз етеді. Ол төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін және тұрғындардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады.