
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласы ТЖД қызметкерлері 99 жастағы ардагер Егор Степанович Долидуданы құттықтады. Гарнизон оркестрі майдангерге алғыс пен құрмет білдіріп, оның үйінің ауласында әскери әндерді орындады.
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің атынан Ұлы Отан соғысының ардагері, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының ардагері майор Егор Степанович Долидуданы Жеңіс күнімен құттықтады. Департамент бастығы Дамир Ермағамбетов ардагерге құттықтау хаты мен сыйлықтар табыс етті.
Егор Степанович Долидуда 1944 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылған. Ол Қиыр Шығыста, Приморский өлкесінің Иман қаласында 184-дивизияның 297-атқыштар полкі құрамында пулеметші-атқыш қызметін атқарды. 1945 жылдың тамыз айында Жапониямен шекарадағы шайқастарға қатысты. Соғыстан кейін ішкі істер органдарында және әскерилендірілген өрт күзетінде қызметін жалғастырып, майор шеніне дейін көтерілді.
Бүгінде Егор Долидуда Алматы гарнизонындағы Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері. Біз ардагерлерімізді, соғыс батырларын, тыл еңбеккерлерін және интернационалист жауынгерлерді мақтан тұтамыз. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы көптеген қазақстандық ұрпақ үшін батылдықтың, даңқтың және отансүйгіштіктің символына айналды.