ТЖМ әскери қызметшілері Отан қорғаушылар қатарында

ТЖМ әскери қызметшілері Отан қорғаушылар қатарында

  Қазақстан ТЖМ қарамағында өңірлік қағидат бойынша орналасқан азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері бар. Орталық өңірге Қарағанды қаласындағы 52859 әскери бөлімі, оңтүстік өңірге Ұзынағаш ауылындағы 28237 әскери бөлімі, шығыс өңірге Семей қаласындағы 68303 әскери бөлімі, батыс өңірге Ақтөбе қаласындағы 20982 әскери бөлімі, солтүстік өңірге Ақкөл қаласындағы 55209 әскери бөлімі қызмет көрсетеді. Сонымен қатар екінші құтқару батальондары Алматы, Орал, Өскемен және Қостанай қалаларында орналасқан. Ол кез келген қауіп-қатер мен төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

  Жыл сайын ТЖМ бөлімшелеріне мерзімді қызметке 800-ге жуық әскери қызметшісі шақырылады. Қызмет барысында олар құтқару ісі бойынша даярлықтан өтіп, заманауи техниканы меңгереді және қысылтаяң жағдайларда әрекет ету дағдыларын игереді. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріндегі қызмет жастар үшін ерлікке, жауапкершілікке және өз ісіне адалдыққа тәрбиелейтін үлкен мектепке айналады.

  Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері су тасқыны, табиғи өрттер, апаттар және басқа да төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысады. Жеке құрам авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізеді, халықты эвакуациялайды, қорғаныш құрылыстарын нығайтады, гуманитарлық көмекті жеткізеді және күрделі жағдайларда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Күштер мен құралдардың осылай бөлінуі бөлімшелердің мобильділігін арттырып, төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

  Қазақстанның ТЖМ Отан қорғаушылар күні азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері мен ардагерлеріне олардың жанқиярлық еңбегі, көмекке әрдайым дайын тұруы және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді. Олардың қызметі халықты және аумақты төтенше жағдайлардан қорғау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады.