Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай ТЖМ құтқарушыларына мемлекеттік наградалар табысталды

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай ТЖМ құтқарушыларына мемлекеттік наградалар табысталды

  Төтенше жағдайлар министрлігінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараны ашқан Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов министрліктің жеке құрамы алдағы уақытта да барлық күш-жігерін, білімі мен кәсіби дағдыларын қойылған міндеттерді орындауға, азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және халқымыздың қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуге бағыттайтынын атап өтті.

  Салтанатты жағдайда ведомство басшысы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкеріне мемлекеттік наградаларды табыстады. Сонымен қатар 7 қызметкер Ақордада Президенттің қолынан мемлекеттік наградалар мен жоғары офицерлік атақтар алды.

  Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ерлігі мен мінсіз қызметі үшін Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаевқа және Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы Жұмабек Хасеновке жоғары офицерлік құрамның «генерал-майор» әскери атағы берілді.

  Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген министр ТЖМ қызметкерлерінің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды үлесін атап өтіп, олардың жоғары кәсібилігіне, ерлігіне және қызметке адалдығына ерекше тоқталды. Салтанатты марапаттау рәсім барысында Президенттің атынан Абай облысы ТЖД бастығы Манарбек Шапағатовқа, Ұлытау облысы ТЖД бастығы Есен Байыровқа, Ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс департаменті Байланыс және ұшқышсыз ұшу аппараттары басқармасының бастығы  Руслан Атынтаевқа Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» ордені табыс етілді.

  Жамбыл облысы ТЖД Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Мұрат Анашов, Түркістан облысы ТЖД Қазығұрт ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі № 37 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Икрам Жарылқап Рахымжан Қошқарбаев атындағы IІI дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

  Қаржы операцияларының ішкі аудит басқармасының басшысы Анна Грищенко, Кадр және тәрбие жұмысы департаменті Кәсіби қызметтік және дене шынықтыру дайындығы басқармасының бас маманы Әділ Қайырбаев «Құрмет» орденімен наградталды.

  Қостанай облысы ТЖД Қостанай қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қозы-Көрпеш Дүйсекеев, Павлодар облысы ТЖД Ертіс ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі № 9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Иран  Сапаров, «Барыс» Республикалық құтқару жасағы РММ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Айдын Әріпжанов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

  Министрдің бұйрығымен қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, жоғары кәсібилігі, қызметтік міндеттерді орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін азаматтық қорғау органдарының 312 қызметкері және өзге де мемлекеттік құрылымдардың өкілдері наградталды. ТЖМ-нің бірқатар қызметкерлеріне мерзімінен бұрын және бір саты жоғары арнайы атақтар берілді.