
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Таушық ауылында халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыру және төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын қысқарту мақсатында кезекті ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов, Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев және жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұл жерде жаңа жұмыс орындары ашылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. ТЖД мен әкімдік тарапынан пунктке өрт сөндіру автоцистерналары мен жабдықтар, арнайы киімдер, байланыс құралдары және құтқару техникасы берілді. Осы пункт жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынды.
Жаңа нысан 3 мыңнан астам тұрғыны бар Таушық ауылының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі маңызды элементке айналды. Енді еріктілер шақыртуларға жедел шығып, тұрғындарды, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды және іргелес аумақтарды қорғауды қамтамасыз етеді. Іс-шара пункт аумағында ағаш отырғызу рәсімімен аяқталды.