
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматыға жұмыс сапары барысында Медеу ауданында орналасқан ауданындағы сейсмикалық станцияға барып, оның қызметімен танысты.
Тексеру барысында ведомство басшысына өңірдегі сейсмикалық ахуалға тәулік бойы мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін жабдықтар кешені көрсетілді. Станция 1979 жылы пайдалануға берілген және қазіргі уақытқа дейін Алматы қаласының сейсмикалық қауіпті аймағында бақылау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді.
Станцияның тәулік бойы жұмыс режимін ескере отырып, персоналдың қызмет өткеру жағдайларына ерекше назар аударылды. Әкімшілік ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Асхана мен санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар жаңартылып, қызметтік тұруға арналған бөлмелер жабдықталды. Барлық үй-жайлар толық жиһазбен қамтамасыз етілген, белгіленген талаптарға сәйкес келеді.
«Сейсмологтардың жұмысы жоғары жауапкершілікті талап етеді және тәулік бойы режимінде жүргізіледі. Мамандар үшін еңбек жағдайын жасау осы нысанда да, азаматтық қорғау жүйесінің барлық бөлімшелерінде де басым бағыт болып табылады», — деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Сапар қорытындысында сейсмикалық мониторинг жүйесін одан әрі дамыту, сондай-ақ төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру мақсатында техникалық жарақтандыруды кезең-кезеңімен жаңғыртудың маңыздылығы атап өтілді.