
Мамандардың айтуынша төтенше жағдай кезінде алғашқы 60 секунд оқиғаның әрі қарай өрбуіне тікелей әсер етеді. Дәл осы сәтте берілген ақпараттың нақтылығы мен жеделдігі құтқару қызметтерінің әрекет ету жылдамдығын айқындайды.
Шымкентте Қонаев атындағы мектептің 2-сынып оқушылары төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін практикалық форматта меңгерді. Балалар 101 және 112 нөмірлеріне өздері қоңырау шалып, диспетчермен байланыс орнату және қажетті ақпаратты белгіленген алгоритм бойынша жеткізу дағдыларын үйренді. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылардың басым бөлігі оқиға орнын нақты анықтау, жағдайды қысқаша сипаттау және диспетчермен дұрыс байланыс орнату дағдыларын қоса алғанда жедел қызметтерге жүгіну алгоритмін сенімді түрде меңгергенін көрсетті.
ТЖМ ескертеді: жедел қызметтерге хабарласу кезінде сабыр сақтаңыз, оқиға орнының нақты мекенжайын немесе бағдарын айтыңыз, жағдайды қысқаша әрі түсінікті жеткізіңіз, зардап шеккендердің бар-жоғын хабарлаңыз, өзіңізді таныстырыңыз және диспетчердің нұсқауларын алғанға дейін байланысты үзбеу қажет. Бұл қарапайым қағидаларды сақтау әрекет ету уақытын қысқартып, көрсетілетін көмектің тиімділігін арттырады.
Мамандар ата-аналарға балалардың мобильді құрылғыларында 112 бірыңғай жедел қызмет нөмірін жылдам теру батырмасына алдын ала орнатып қоюды да ұсынады.
Қауіпсіздік – бұл алғашқы секундтарда дұрыс әрекет ете білу.