Астанада балалардың терезеден құлауының алдын алу шаралары күшейтілді

Астанада балалардың терезеден құлауының алдын алу шаралары күшейтілді

  Жылы мезгілдің басталуымен елордада көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлау оқиғалары орын алуда. Бұл мәселе балалар қауіпсіздігі саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

  Осыған байланысты Астана қаласы ТЖД жергілікті атқарушы органдармен, Полиция департаментімен және волонтерлер ұйымдарымен бірлесіп ауқымды профилактикалық акция өткізуде. Акцияның негізгі мақсаты балалардың терезеден құлауының алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және қауіпсіздік шараларын күшейту.

  Акция аясында көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына және жас балалары бар отбасыларға ерекше назар аударылуда. Тұрғын үйлерде арнайы терезе блокираторлары, қорғаныш бекіткіштері мен ашылу шектегіштері орнатылуда. Жалпы қала бойынша 1000-нан аса терезеге қорғаныш құрылғыларын орнату жоспарланған.

  Сонымен қатар тұрғындармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік жадынамалары таратылуда. Жыл басынан бері 30-дан астам рейд өткізіліп, 1500-ден астам тұрғын қамтылды.

  Профилактикалық іс-шаралар білім беру ұйымдарында да белсенді жүргізілуде. 50-ден астам мектеп пен балабақшада ата-аналарға және балаларға қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

  Құтқарушылар ата-аналарға:

  - балаларды қараусыз қалдырмауға;

  - москиттік торларды қорғаныш құралы ретінде пайдаланбауға;

  - терезелерге арнайы қорғаныш құрылғыларын міндетті түрде орнатуға шақырады.

  Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Қайғылы жағдайлардың алдын алу әр отбасының басты міндеті.