
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралым пункті салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты рәсімге ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Жанболат Жаншин, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, сондай-ақ жеке құрам мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Еріктілер тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқаратын болады, олардың қызметі үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Ведомство тарапынан пункт автоцистернамен, жеңіл автокөлікпен, арнайы жауынгерлік киіммен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді.
Енді 4 елді мекен, атап айтқанда жалпы саны 2 мыңнан астам халық тұратын Қоскөл, Шалғын, Егіндікөл және Ханкөл ауылдары өртке қарсы қорғалған.
Сондай-ақ пункт аумағында жас шырша көшеттері отырғызылды.