
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласының аумағында су айдындарында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар, полиция және мүдделі қызметтер өкілдерімен бірлесіп, су жағалауындағы халық көп жиналатын демалыс орындарында рейдтік және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Негізгі назар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың алдын алу және судағы оқиғалардың болдырмауына бағытталған.
Бүгінгі таңда қала аумағында шомылуға рұқсат етілген 3 ресми орын белгіленген: «Рахат-Бадам» және «Тогыс» демалыс аймақтары, сонымен қатар «Қошқар ата» өзенінің жағалау бөлігі. Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған 13 учаске анықталып, олардың санын кезең-кезеңімен 31-ге дейін арттыру жоспарлануда. Аталған аумақтарда ескерту белгілері мен ақпараттық тақтайшалар орнатылған.
Шомылу маусымы ресми түрде әлі ашылмағанына қарамастан, Шымкент қаласында сәуір айынан бастап су айдындарындағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар белсенді түрде жүргізілуде.
Осындай іс-шаралардың бірі құтқарушылар мен еріктілердің қатысуымен «Қошқар ата» өзені мен «Рахат-Бадам» демалыс аймағында өткізілді. Іс-шара барысында азаматтарға су айдындарындағы жүріс-тұрыс ережелері түсіндіріліп, су жағалауында демалу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ «Рахат-Бадам» демалыс аймағында сүңгуірлердің қатысуымен су айдынының түбін тексеру жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ қайықпен аралау жұмыстары жүзеге асырылды.