
2025-2026 жылдардағы жылыту кезеңінің қорытындысы бойынша еліміздің тұрғын үй секторында өрт саны мен зардап шеккендер санының төмендегені байқалды. Оң динамика ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізген жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесі болды.
Жылыту маусымы барысында тұрғын үй секторында 3359 өрт тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16%-ға азайды. Өрт кезінде жарақат алғандар саны 28%-ға төмендеп, 173-тен 125 адамға дейін азайды, ал қайтыс болғандар саны 3,3%-ға қысқарып, өткен жылы 181 болса, биыл 175 адамды құрады.
Сондай-ақ өрт туындамай пешті жылыту ережелерін бұзған кезде улы газбен улану жағдайларының төмендеуі тіркелді. Мұндай жағдайларда 28 адам қайтыс болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17% аз, ал зардап шеккендердің саны 12% азайып, 104-ке жетті.
Жылыту кезеңіне дайындық алдын ала басталды. Өткен маусымды талдауды ескере отырып, Өртке қарсы қызмет комитеті 2025-2026 жылдардағы жылыту кезеңіне тұрғын үй секторында профилактикалық жұмысының жоспарын алдын ала әзірледі. Профилактикалық шаралар 2025 жылдың 15 тамызынан басталды және жылыту кезеңінде жалғасты.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне ерекше назар аударылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарының 108 мыңнан астам тұрғын үйі, сондай-ақ 225 мыңнан астам көпбалалы отбасы есепке алынды. Еліміз бойынша аулаларды аралау аясында 1,8 млн тұрғын үй қамтылды, 5,7 млн азаматқа нұсқаулық өткізілді. Тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын 500 мыңға жуық бұзушылық анықталды, олардың едәуір бөлігі тікелей тексеру барысында жойылды.
Қауіпті факторларды ерте анықтау мақсатында әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, тұрғын үйлерде газ бен жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын 51 мыңнан астам датчик орнатылған.
Жүргізілген профилактикалық жұмыс жылыту кезеңінде өрттер мен жазатайым оқиғалардың туындау қаупін азайтуға, сондай-ақ халық арасында қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.