Қостанайда «Батыр» спорт кешені ашылды

Қостанайда «Батыр» спорт кешені ашылды

  Қостанай облысы ТЖД №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында құтқарушылардың кәсіби даярлығына арналған жаңа «Батыр» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

  Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов, «Қазақстан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Дәурен Данаев, сондай-ақ ҚР ТЖМ өрт-құтқару спортының даму жөніндегі үйлестірушісі Мақсұт Есполов қатысты.

  Заманауи талаптарға сай салынған спорт кешені өрт-құтқару спортына арналған төрт жолақтан тұратын төрт қабатты оқу мұнарасымен жабдықталған. Сонымен қатар ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ үй-жайлары және жүгіру жолақтары қарастырылған, бұл жаттығуларды жоғары деңгейде, жайлы жағдайда өткізуге мүмкіндік береді.

  Салтанатты іс-шара аясында жаңа өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасының кілттері табысталды. Бұл өңірдің төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

  Спорт кешенінің құрылысына елеулі үлес қосқан азаматтар мен қызметкерлерді, өз қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз атқарған мамандарды марапаттау рәсімі де өтті.

  ТЖД жеке құрамының спорттық және жауынгерлік дайындығын көрсетуге бағытталған өрт сөндіру-құтқару спорты, қоян-қолтық ұрыс және қазақ күресі бойынша құрама командалардың өнер көрсетті.

  Нысан болашақ чемпиондарды даярлауға, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған маңызды алаңға айналады.

  Іс-шара бөлім аумағында ағаш отырғызу рәсімімен аяқталды.