
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Павлодар облысының Атамекен кентінде 40 жылда алғаш рет күрделі реновациядан өткен өрт сөндіру бөлімін ашты.
1988 жылы салынған ғимарат адам танымастай өзгерді. Ауқымды жөндеу жұмыстары еліміздегі өрт сөндіру инфрақұрылымын кезең кезеңімен жаңарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Министр азаматтық қорғау саласының заманауи инфрақұрылымын дамыту ТЖМ қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жеке құрам үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Оқу сыныбы, заманауи тұрмыстық үй-жайлар мен демалыс бөлмелері жабдықталды. Сондай-ақ кәсіби спорт залы «Batyr team», скалодром және нақты жағдайға барынша жақын ортада машықтарды жетілдіруге мүмкіндік беретін оқу-жаттығу мұнарасы бар бірегей оқу-жаттығу орталығы іске қосылды. Өрт сөндіру бөлімі базасында құрылған Павлодар облысындағы алғашқы баскетбол алаңы құтқарушылардың дене даярлығын кешенді түрде дамыту мен командалық рухты нығайтуға бағытталған жұмыстың бір бөлігіне айналды.
Бөлімше заманауи стандарттарға сәйкестендірілді: инженерлік желілер қайта жаңғыртылып, қызметтік үй-жайлар жаңартылды, қызмет өткеру үшін қолайлы жағдай жасалды. Қосымша 8 техникаға арналған жаңа ангар салынды, сондай-ақ техника паркі арнайы көліктермен толықтырылды. Оның ішінде өтімділігі жоғары автокөліктер, жол талғамайтын техникалар және су көліктері бар.
Барлық үй-жайлар заманауи техникамен, жиһазбен және қауіпсіздік жүйелерімен, оның ішінде бейнебақылаумен жабдықталған. Бөлімше тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқаруға есептелген және кез келген шақыртуға жедел әрекет етуге дайын. Жаңартылған №5 өрт сөндіру бөлімі Атамекен кенті мен Ақсу өңіріндегі 9 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қамтылатын халық саны шамамен 16 мың адамды және 23 экономика нысанын құрайды.
Іс-шара аясында құтқарушыларға заманауи авариялық-құтқару құралдарымен жабдықталған жаңа өрт сөндіру және құтқару техникаларының кілттері табысталды. Сондай-ақ ТЖМ мен облыс әкімінің ведомстволық наградаларымен азаматтық қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан қызметкерлер мен азаматтар наградталды.
Іс-шара барысында ведомство басшысына күрделі және қауіпті жағдайларда тиімді әрекет етуге қабілетті заманауи PR-KZ роботтандырылған өрт сөндіру платформасының мүмкіндіктері таныстырылды. Құтқарушылар скалодромға көтеріліп, өздерінің жоғары дайындық деңгейін, күш-қуаты мен төзімділігін көрсетті.
Министр жеке құраммен бірге аумақты көгалдандыру аясында ағаш отырғызуға қатысты. Бұл инфрақұрылымды жаңартумен қатар, қызметкерлер үшін жайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.