Астана қаласындағы өртке қатысты жалған ақпараттың таралу фактісі бойынша ТЖМ түсініктемесі

Астана қаласындағы өртке қатысты жалған ақпараттың таралу фактісі бойынша ТЖМ түсініктемесі

  Әлеуметтік желілерде Астана қаласының Түркістан көшесінде орналасқан «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде өрт сөндірушілер әрекетсіздік танытып, автосаты мен автоцистернаның өтуіне кедергі келтірген автокөлікті 20 минут бойы тас-талқан етпегені туралы ақпарат таралуда.

  Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдарға сәйкес өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына бара жатқан кезде-ақ жанып жатқан пәтердің терезесінен қою түтін мен жалын анық байқалғанын айта кеткен жөн. Бұл белгілер өрттің кеш анықталғанын көрсетеді.

  Сонымен қатар пандусқа кіреберісте тұрған жеңіл автокөлік тек биіктікте жұмыс істейтін техниканың аула ішіне кіруіне ғана кедергі келтірген. Алайда ол өрт сөндірушілердің негізгі іс-қимылдарын жүзеге асыруына тосқауыл болған жоқ.

  Оқиға орнына алғашқы бөлімшелер келген сәттен бастап, газ-түтіннен қорғау қызметінің бірінші буыны кіреберіс ішінде адамдарды құтқару және өртті сөндіру жұмыстарын жедел ұйымдастырды. Жұмыстар авариялық-құтқару құралдарын және өрт сөндіруге арналған жылжымалы аспалы қондырғыларды қолдану арқылы жүргізілді. Бір уақытта газ-түтіннен қорғау қызметінің екінші буыны ішкі өртке қарсы су құбыры жүйесінен (өрт крандарынан) жең желілерін тартуға кірісті. Кейінгі келген бөлімшелер автоцистернадан баспалдақ маршы арқылы жең желілерін жайды.

  Қабылданған шаралардың нәтижесінде жанып жатқан пәтерден бір әйел құтқарылып, сондай-ақ өрттің жоғары қабаттарға таралуына жол берілмеді.

  Сонымен бірге өрт сөндірушілер келген сәтке дейін пәтердің барлық аумағын толық шарпыған өрт және мұндай жағдайларда бөлінетін зиянды улы газдың әсері қайғылы салдардың алдын алуға мүмкіндік бермеді.

  Осылайша өрт сөндірушілердің 20 минут бойы әрекетсіз болғаны туралы пікір шындыққа сәйкес келмейді.

  Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» заңы талаптарына сәйкес өртті сөндіру кезінде заңды түрде әрекет еткен өрт сөндірушілер келтірілген залалды өтеуден босатылатынын атап өткен жөн (63-бап). Бұл ретте аталған норма қажет болған жағдайларда, оттың таралуын болғызбауға және өртті жоюға бағытталған шаралар қабылдау үшін жабық есіктерді, терезелерді, шатырларды, сондай-ақ қоршау конструкцияларды ашуға мүмкіндік береді. Алайда азаматтардың автокөліктерін тас-талқан құқығын тікелей көздейтін норма заңда қарастырылмаған.

  Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша  мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады (6-бап).

  Сонымен қатар ірі габаритті өрт сөндіру техникасымен автокөлікті тас-талқан ету жолды толық босатуға кепілдік бермейді, ал оның салдары қосымша материалдық шығындар мен тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей ұзаққа созылған сот процестері құтқарушылар әрекетінің заңдылығын дәлелдеуге әрдайым кепілдік бермейді.

  Бұл ретте құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдың нақты алгоритмі бар: полиция өрт сөндірушілермен бірлесіп шақыртуларға шығып, жолда кедергі келтіретін автокөліктерді эвакуациялауды қамтамасыз етеді.

  Өрт сөндіру техникасына жол ашу мақсатында автокөлікті тас-талқан етуге рұқсат беретін норманы заңнамаға енгізу мәселесін қарастыру аясында ТЖМ мынаны хабарлайды.

  Аталған норманы енгізу принциптік құқықтық және практикалық негіздер бойынша орынсыз деп есептеледі.

  Біріншіден, тас-талқан ету тәсілін қолданудың объективті және әмбебап өлшемдерін белгілеу мүмкін емес. Әрбір төтенше жағдай жеке сипатта дамиды, сондықтан мұндай әрекеттердің қолданылу шарттарын заңнамалық деңгейде нақты айқындау іс жүзінде мүмкін емес. Мұндай норманы бекіту не теріс пайдалануға, не болмаса шешім қабылдаудың дағдарыстық сәтте тежелуіне әкелуі ықтимал.

  Екіншіден, ұсынылып отырған норма жауапкершілік мәселесінде құқықтық белгісіздік туындатады. Шешім іс жүзінде уақыт тапшылығы жағдайында жүргізуші тарапынан қабылданады, ал оның заңдылығына баға кейіннен беріледі. Бұл нақты қызметкерге шамадан тыс жауапкершілік жүктеу қаупін қалыптастырып, қызметтік жұмысының негізгі қағидаттарына қайшы келуі мүмкін.

  Үшіншіден, келтірілген залал үшін ықтимал жеке жауапкершіліктің болуы жедел шешімдер қабылдауды тежейді, бұл тікелей әрекет ету уақытына әсер етіп, ауыр салдарға, соның ішінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

  Төртіншіден, мұндай норманы бекіту теріс пайдаланушылыққа жол ашып, сот дауларының көбеюіне, бюджетке қаржылық жүктеменің артуына және теріс қоғамдық резонансқа негіз болуы ықтимал.

  Іс жүзінде әлеуметтік және құқықтық қайшылықтардың туындау қаупі жоғары екенін қосымша атап өткен жөн. Мәселен гипотетикалық болғанымен әбден ықтимал жағдайларда өрт сөндіру техникасымен азаматқа тиесілі, несиеге алынған және жалғыз табыс көзі болып табылатын автокөлікке (мысалы, такси немесе тасымалдау қызметінде пайдаланылатын көлікке) зақым келтірілуі мүмкін. Кейіннен аталған шақырту өрттің аз ғана инцидентке (мысалы, ас әзірлеу кезінде тағамның күйіп кетуі, өрттің таралу қаупі болмауы) қатысты екені анықталуы ықтимал. Мұндай жағдайда келтірілген залалдың алдын алынған зиянмен салыстырғанда сәйкессіздігі туындап, бұл негізделген шағымдарға, сот дауларына және қоғамдық резонансқа әкелуі мүмкін.

  Осы айтылғандарды ескере отырып, өрт сөндіру техникасына көлік құралдарын тас-талқан етуге рұқсат беретін норманы заңнамаға енгізу мәселесі құқықтық тұрғыдан қажетті емес, жүйелік тәуекелдер туындатады және қолдауға жатпайды.