Шымкентте 25 қабатты тұрғын үйдегі шартты өртті сөндіру пысықталды

Шымкентте 25 қабатты тұрғын үйдегі шартты өртті сөндіру пысықталды

  Шымкент қаласында қаланың ең биік ғимараты «Капитал Сити» тұрғын үй кешенінде өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өтті. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты шұғыл қызметтердің жедел ден қоюға дайындығын тексеру, сондай-ақ биік құрылыс жағдайында төтенше жағдайларды жою кезінде үйлесімді өзара іс-қимылды пысықтау болды.

  Аңыз бойынша өрт 8-қабатта орын алған: қысқа тұйықталу салдарынан теледидар жанып, жалын тез арада жиһаз бен пәтердің ішкі әрлеуіне таралған. Кіреберіс қою түтінге толып, жоғарғы қабаттағы тұрғындарға қауіп төндірген. Жағдай шынайы төтенше жағдайға барынша жақындатылды.

  Автоматты өрт дабылы іске қосылғаннан кейін «101» пультіне хабарлама келіп түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына қысқа мерзімде жетті. Ғимараттың биіктігі мен түтінденуін ескере отырып, жағдай барлау жүргізу, адамдарды эвакуациялау және биіктікке өрт сөндіру оқпандарын беру жұмыстарын бір мезгілде жүргізу қажеттілігімен күрделенді.

  Оқиға орнында жедел өрт сөндіру штабы құрылып, төрт жауынгерлік алаң ұйымдастырылды. Жеке құрам газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары арқылы барлау жүргізіп, электр қуатын ажыратуды қамтамасыз етті және тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Сонымен қатар магистральдық желілер төселді, су беру ұйымдастырылып, шартты өртті сөндіру басталды.

  Оқу-жаттығу іс-шаралары барысында адамдарды биіктіктен құтқару әрекеттерін пысықтауға ерекше назар аударылды. Жоғарғы қабаттардан шартты зардап шеккендерді құтқару биіктігі 61 метр болатын екі буынды автокөтергіштің көмегімен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, тәжірибе жүзінде 4-қабат биіктігінен эвакуациялау үшін қолданылған секірмелі құтқару құрылғысының тиімділігі көрсетілді, сондай-ақ арқан жолын пайдалану арқылы құтқару тәсілі де таныстырылды.

  Сондай-ақ өрт сөндіру сорғыларын әртүрлі тәсілдермен пайдалана отырып, суды 25-қабатқа дейін жеткізу әдістері пысықталды, бұл биік қабатты ғимараттардағы өртті сөндірудің негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Аталған тәсілдер тиімділігін көрсетіп, ғимараттың жоғарғы қабаттарында қажетті су қысымын қамтамасыз етті.

  Қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтауға ерекше назар аударылды: құтқарушылар, медицина қызметкерлері, полиция қызметкерлері және тіршілікті қамтамасыз ету қызметтері бірыңғай алгоритм бойынша әрекет етті. Аңыз бойынша зардап шеккендерге уақтылы медициналық көмек көрсетілді.

  Жалпы оқу-жаттығуға Шымкент қаласы ТЖД жеке құрамынан 68 адам және 16 бірлік техника тартылды, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының мамандары, полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем бригадалары, газ қызметінің өкілдері қатысты.

  Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша барлық қызметтердің міндеттері нақты бөлінген бірыңғай алгоритм аясында үйлесімді әрекет етуге дайын екендігі расталды.