
Өрт қауіпті кезеңнің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында ел өңірлерінде алдын алу іс-шаралары басталды.
Ағымдағы жылы өрт қауіпті маусым еліміздің оңтүстік және кейбір батыс өңірлерінде: Алматы қаласы, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 26 наурыздан басталды, ал орталық, солтүстік және кейбір батыс өңірлерінде – Абай, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 сәуірден бастап, Шығыс Қазақстан облысында 13 сәуірден басталды.
ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі шараларын, әсіресе ашық отты пайдалану кезінде қатаң сақтауға шақырады.
Сенбіліктерді өткізу, үй маңындағы аумақтарды, бақша және саяжай учаскелерін тазалау кезінде ерекше сақ болу керек. Құрғақ, ыстық және желді ауа райында от пен қоқыстарды жағуға тыйым салынады.
Ауа райы қолайлы болған жағдайда ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта, осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген орындарда және тұрақты бақылауда от және қалдықтарды жағуға жол беріледі.
Мангалды (барбекю, гриль) ғимараттар мен құрылыстарға дейін 10 метрден жақын емес қашықтықта пайдалануға рұқсат етіледі, сондай-ақ орынды өрт сөндіргішпен немесе кемінде 10 литр суы бар сыйымдылықпен жабдықтау қажет.
Сөндірілмеген темекі тұқылдарын, сіріңкелерді, оттарды тастамаңыздар.
Құрғақ шөпті өртемеңіздер.
Үйдің немесе саяжайдың аумағын құрғақ шөптер мен жанғыш қоқыстардан үнемі тазалаңыздар.
Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздер.
Егер өрт белгілері анықталса, 101 немесе 112 нөміріне хабарлаңыздар.