2025 жылдың соңында Шымкент қаласында жедел қызметтердің әмбебап кешендері пайдалануға берілді, олар бүгінде өз тиімділігін толық дәлелдеді.
Өрт сөндірушілер, жедел медициналық жәрдем және полиция қызметкерлерін бір орталыққа біріктіру қауіпсіздік саласындағы заманауи әрі сұранысқа ие шешім болды.
Алғашқы кешендер Елтай және Таскен шағын аудандарында ашылды, кейін Сәуле тұрғын алабында да осындай нысан пайдалануға берілді. Бұл орталықтардың басты ерекшелігі 101, 102 және 103 қызметтерінің бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл төтенше жағдайларға әрекет етуді жаңа деңгейге көтеріп, көмек көрсету жеделдігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда кешендер тәулік бойы үздіксіз қызмет атқарады. Негізгі артықшылықтарының бірі алыс және шалғай аудандарға жету уақытын қысқартуы. Бұрын қызметтер көбінесе қаланың орталық бөлігінен шығып жатса, енді кешендер тұрғын алаптарына жақын орналасқандықтан алғашқы көмек көрсету уақыты шамамен 37,2%-ға қысқарды.
Сонымен қатар кешенде оқу сыныптары, жаттығу мұнаралары, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеттері, спорт алаңы және қызметтік үй-жайлар қарастырылған. Осының барлығы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тұрақты арттыруға мүмкіндік береді.
Әрбір кешен белгілі бір аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Елтайдағы нысан 16 мыңнан астам тұрғынды қамтыса, Таскенде 14 мыңнан астам, ал Сәуле кешені 70 мыңнан астам халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда әмбебап жедел қызметтер кешендері Шымкенттің қауіпсіздік жүйесін жаңа деңгейге көтерген тиімді әрі заманауи модельге айналды.