
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов 2026 жылғы өрт қауіпті маусымға дайындық туралы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың көшпелі отырысында баяндама жасады. Кеңес Абай облысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті.
ТЖМ басшысының айтуынша жедел әрекет ету мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында табиғи өрттерге, оның ішінде шекаралас мемлекеттермен бірлесіп ден қою алгоритмі жаңартылды. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды тиімді жүзеге асыру үшін «Кордис» радиобайланысы іске қосылды. Оған орманшылар мен басқа азаматтық қорғау қызметтерін де қосу жоспарлануда.
ТЖМ «Тұран» жедел штабы мүдделі қызметтермен бірлесіп, интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы өрт жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Бұл «Табиғат» жүйесі, ерте анықтау және найзағайды пеленгациялау жүйесі, «ТЖ ГАЖ» цифрлық сервисі, ғарыш мониторингі. Осылайша күштер мен құралдарды басқару орталықтандырылған түрде жүзеге асырылып, шешім қабылдау жылдамдығы артып, әрекет ету тиімділігі күшейтілді.
«Әр өңірде су төгу құрылғыларымен жабдықталған әуе кемелері бар авиажасақтар құрылды. Жоғары қауіпті орман аймақтарында жерүсті және әуе патрульдеу жедел топтары тәулік бойы кезекшілік атқарады. Ауылдық жерлерде «Ауыл құтқарушылары» нығайтылуда. Елімізде қазірдің өзінде 167 ерікті өрт сөндіру пункті құрылды, биыл олардың санын 700-ге дейін ұлғайту жоспарлануда. Бүгінгі күні осы пункттер шамамен 900 өртті сөндірді», – деді министр.
Табиғи өрттерге жедел әрекет ететін күштер мен құралдардың, оның ішінде орман бөлімшелерінің республикалық тобы бекітілді, оның құрамына орман шаруашылығы бөлімшелерін қоса алғанда 50 мыңнан астам адам және 11 мың техника кіреді. Сонымен қатар ТЖМ Азаматтық қорғау академиясында орман өрт сөндіру бөлімшелерінің 360 басшысы алдын ала оқытылды.
Мамыр айында Қостанай облысында Ресей Федерациясымен трансшекаралық өрттерді жою пысықталатын «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтеді. ТЖМ күштері мен құралдары табиғи өрттерге жедел әрекет етуге дайын.
Отырыс қорытындысы бойынша табиғи өрттерге ден қою бойынша республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу, «Ауыл құтқарушылары» пункттерін міндетті түрде тарта отырып, олардың әлеуетін одан әрі дамыту, сондай-ақ өрт қауіпті кезеңге ТЖМ ахуалдық орталығында өңірлердегі жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін жедел штаб құруды қамтамасыз ету, сондай-ақ халық арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы тапсырма берілді.