
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен төтенше жағдайлар саласындағы қауіпсіздік бойынша ұлттық стандарт енгізілді. Ол ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2025 жылғы 23 қазандағы № 64-НК бұйрығымен бекітілген.
ҚР СТ 4016-2025 «Төтенше жағдайлардағы қауіпсіздік. Халықты қорғауға арналған ең қарапайым жасырын паналарды бейімдеу. Жалпы талаптар» стандарты қолданыстағы және жобаланатын ғимараттар мен құрылыстарды (жертөлелер, цокольдік қабаттар, жерасты паркингтері, тоннельдер және басқа да жер асты үй-жайлар) халықты қарапайым соққы құралдарының фугастық және сынықтық әсерінен, сондай-ақ құрылыс конструкцияларының құлауынан қорғау үшін бейімдеу ережелерін айқындайды.
Қарапайым жасырын паналар халықтың 12 сағатқа дейін болуына есептелген және өмірді қамтамасыз етудің ең қажетті минималды жүйелерімен жабдықталады.
Стандарт 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа құжат Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының ережелерін іске асырады және табиғи, техногендік және әскери қауіп-қатерлерге дайындықты арттыруға бағытталған.
Бұған дейін, 2024 жылы ҚР ТЖМ Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, ғимараттар элементтерін халық үшін қарапайым жасырын пана ретінде пайдалану талаптарын құрылыс нормаларына енгізу мәселесін пысықтаған болатын. Нәтижесінде 2024 жылғы 22 қазандағы № 134-НК бұйрығымен Қазақстан Республикасының Құрылыс нормалары ҚР ҚН 2.04-15-2024 «Қарапайым жасырын паналар» бекітілді.
ҚР ҚН 2.04-15-2024 жаңа ғимараттарды жобалау кезінде халықты қарапайым соққы құралдарының зақымдаушы факторларынан қорғау үшін қарапайым жасырын пана функциясын атқаратын үй-жайларға міндетті талаптарды белгілейді. Нормалар халық көп жиналатын 16 түрлі ғимаратқа қолданылады.