
Ақтөбе облысының әкімдігінде өртті сөндіруге қатысушыларды құрметтеуге арналған салтанатты жиын өтті.
Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін облыс әкімі Асхат Шахаров ТЖМ қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Өртті сөндіруге қатысқан 172 ТЖМ қызметкері алғыс хаттармен және сыйақылармен наградталды. Облыс әкімі құтқарушылардың әрекеттері қызметке адалдықтың, халық алдындағы жауапкершіліктің үлгісі екенін атап өтіп, жас ұрпаққа шабыт беретінін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуір күні Ақтөбе қаласында Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан облыстық әкімдіктің 6 қабатты әкімшілік ғимаратының шатырында өрт шыққан. ТЖД күштері мен құралдары оқиға орнына 5 минут ішінде жедел жетті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде әртүрлі жерлерде үш ашық жану ошағы байқалды. Дереу өрт сөндіру оқпандары беріліп, өртті толық сөндіру үшін барлық шаралар қабылданды, судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеді. Өртті сөндіру үлкен аумақта оттың қарқынды таралуымен, жанғыш материалдардың болуымен, қою түтінмен, жоғары температурамен, сондай-ақ ғимараттың конструктивтік ерекшеліктерімен қиындады. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 140-тан астам қызметкер және 40 бірлік техника жұмылдырылды. ТЖМ күштері өртті 300 шаршы метр аумақта толықтай сөндірді.
Сонымен қатар өртті оқшаулау кезіндегі шешуші сәтте құтқарушылар шатырға көтеріліп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын түсіріп, оны зақымдамай сақтап қалды. Қауіп пен тілсіз жаумен күрес жағдайында да құтқарушылар ел намысы мен оның рәміздері қол сұғылмайтынын дәлелдеді.
ТЖМ құтқарушылары төтенше жағдаймен жедел әрі кәсіби түрде күресіп, шынайы ерлік көрсетті.