Қазақстанда 167-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункті ашылды

Қазақстанда 167-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункті ашылды

  Түркістан облысы Арыс қаласының Монтайтас ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру пункті ашылды. Аталған бағдарлама Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бастамасымен ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған және еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда.

  Салтанатты рәсімге ТЖД басшысы Бағдат Чайзада, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев және жергілікті тұрғындар қатысты. Нысан жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынды. Еріктілер тәулік бойы қызмет атқарады, олардың қызметі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. ТЖМ өрт-техникалық құрал-жабдықтармен, автоцистернамен, арнайы киім-кешекпен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етті.

  Құрамына жалпы саны 7 мыңнан астам тұрғыны бар Монтайтас, Атамекен, Шағыр, Ақтас, Қабылсай, 42-разъезд, Бақырша және Тоғансай атты  8 елді мекен кіретін ауылдық округтің  өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Пункттің ашылуы оқиға орнына жету уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.