
Жалпы еліміздегі су тасқыны жағдайы штаттық режимде өтуде. Қазіргі уақытта еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде су тасқынының белсенді кезеңі барынша азайтылды.
Қазір Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Абай облыстарының аумақтарында су тасқынының биік шыңы өтіп жатыр. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бақылауда.
2026 жылғы 1 наурыздан бастап мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, ТЖМ су тасқынына қарсы жедел штабы тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық өңірлерде азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі ведомстволардың іс-қимылдарын үйлестіретін облыстық жедел су тасқынына қарсы штабтар жұмыс істеуде.
Гидрологиялық жағдайдың тәулік бойы мониторингі және іс-қимылдарды үйлестіру қамтамасыз етіледі. Су тасқынына қарсы іс-шаралары жалғасуда және бақылауда.
Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жол бермеу мақсатында алдын алу және жедел шаралар кешені іске асырылуда. ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызметтердің күшімен 9 млн астам текше метр қар шығарылды, 1 млн астам текше метр еріген су сорылды, 62 мыңнан астам қап және 3 мың тонна инертті материал төселді, 1 млн 800 мыңнан астам метр арықтар мен каналдар тазартылды, 4 мыңнан астам уақытша бөген пен үйінді тұрғызылды.
Жағдайды бағалау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Барлығы 43 әуеден барлау жүргізіліп, 305 су тасқыны қаупі бар елді мекен тексерілді. Аэровизуалды бақылау жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметкері су тасқынына қарсы жұмыстарға Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде шоғырланған.
Барлығы су тасқынына қарсы жұмыстарға 627 адам, 186 бірлік техника, 60 мотопомпа (ТЖМ, ЖАО, ІІМ және басқа ұйымдар) жұмылдырылды.
Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарында 11 судың тасуы мен Ұлытау, Ақмола, Алматы облыстарындағы 4 су шаю бақылауда.
Бүгінгі күні Қостанай облысында жағдай тұрақты, елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Мониторинг жалғасуда.