
Өрт сөндіру-құтқару спорты Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау органдары жүйесі кадрларын даярлаудың маңызды бағыты болып табылады. Бұл қолданбалы спорт түрі дене дайындығын, кәсіби дағдыларды және жоғары психологиялық төзімділікті ұштастырып, төтенше жағдайларда тиімді әрекет ете алатын мамандарды қалыптастырады.
Қазақстанда өрт-құтқару спорты жүйелі түрде дамып, ұлттық деңгейде қалыптасты. Жыл сайын ұлттық чемпионаттар мен оқу-жаттығу жиындары өткізіледі, мектептер мен колледждерде жастар бағыты белсенді дамуда, сондай-ақ өңірлерде жаттығу базалары құрылуда. Бұл жұмыстар ТЖМ басшылығы мен Қазақстандық құтқарушылар қорының тұрақты қолдауымен жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасы халықаралық спорт қауымдастығының толыққанды мүшесі болып табылады. 2004 жылдан бері еліміз Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясының құрамына кіреді және әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысады. Қазақстан ірі халықаралық біріншіліктерді өткізу алаңы ретінде де танылған.
Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы осы бағыттағы қызметті үйлестіреді: ұлттық құрамаларды даярлау, жарыстар ұйымдастыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және өрт-құтқару спортын насихаттау. Федерация спорт резервін даярлау, кәсіби төрешілер корпусын және жаттықтырушылар мектебін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз етеді.
ҚР ТЖМ ұлттық құрамалары қызметте де, спорт аренасында да жоғары шеберлік деңгейін көрсетіп, әлем чемпионаттарында жүлделер жеңіп алып, жекелеген дисциплиналарда жеңіске жетіп, рекордтар орнатуда. Бұл жетістіктер ҚР ТЖМ басшылығының жан-жақты әрі тұрақты қолдауын айқындап, Қазақстанның өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі мәртебесін растайды.