Қазақстанның ТЖ министрлігінде Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің КОРДИС (KORDIS — Kazakhstan Operation Radio Digital Information System) ведомствоаралық радиожелісін құру және дамытуға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Жоба төтенше жағдайлар, ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық ұлан, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үйлестірілген жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды. Барлық қатысушылар төтенше жағдайларға әрекет ету кезінде сенімді, тұрақты және жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ету деген ортақ міндет төңірегінде біріктірілді.
Салтанатты жиында вице-министр Батырбек Әбдішев Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің атынан ведомствоаралық радиожеліні құруға белсенді қатысқаны үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ 30 қызметкеріне, сондай-ақ радио жабдықтары компанияларының өкілдеріне ведомстволық наградаларды табыстады. Сонымен қатар бірқатар аумақтық бөлімшелерде ведомстволық наградалар табысталды.
Жоба қатысушыларына ведомствоаралық радиожеліні құру мен дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірілді. Қол жеткізілген нәтижелердің халық қауіпсіздігін арттырудағы және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің тұрақтылығын нығайтудағы маңыздылығы атап өтілді.
КОРДИС-ті құру тек технологиялық шешім ғана емес, сондай-ақ еліміздің азаматтық қорғау жүйесін жүйелі түрде дамытудың маңызды кезеңі болып табылады. Бірыңғай радиожеліні енгізу төтенше және авариялық қызметтердің үйлесімділігін едәуір арттыруға, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануды оңтайландыруға және қауіпсіздік саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
КОРДИС ТМД елдері арасында теңдесі жоқ бірегей шешім болып табылатын және төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесін одан әрі цифрлық трансформациялаудың негізін қалыптастыратынын жеке атап өтілді. Жобаны одан әрі дамыту аясында барлық 15 азаматтық қорғау қызметін желіге кезең кезеңімен қосу жоспарланып отыр, олардың қызметін 10 мемлекеттік орган қамтамасыз етеді.
Іс-шараның соңында КОРДИС-ті одан әрі дамыту желінің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуге, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және кез келген жағдайда сенімді байланысты қамтамасыз етуге бағытталатыны атап өтілді.