Алматы қаласындағы Shymbulak тау-шаңғы курорты аумағында алғаш рет қар көшкіні болған жағдайдағы іс-қимылдарды пысықтауға арналған тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті. Негізгі мақсат ТЖМ авиациясын қолдана отырып, туристерді іздеу және құтқару тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ жоғары көшкін қаупі жағдайында медициналық көмекті көрсету уақытын қысқарту.
Оқу-жаттығу барысында құтқарушылар қар астында қалған адамдарды іздеу бойынша кешенді шараларды пысықтады. Құтқару сүңгісі, кинологиялық есептоптар және қар астында қалған адамдарды табуға мүмкіндік беретін RECCO жүйесі қолданылды. Сонымен қатар курорттың мамандандырылған техникасы ратрактар мен қарда жүретін көліктер пайдаланылды. Барлық шартты зардап шеккендер жедел табылып, оларға алғашқы көмек көрсетілді.
Келесі кезеңде эвакуацияға ерекше көңіл бөлінді. Зардап шеккендер ТЖМ тікұшақтары арқылы тасымалданып, медициналық мекемеге жеткізу уақыты айтарлықтай қысқартылды. Эвакуация тікелей №4 қалалық клиникалық ауруханасының тікұшақ алаңына жүзеге асырылып, науқастарды медицина қызметкерлеріне тапсыру процесі пысықталды.
Алматы қаласы ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов авиациялық құрамды дамыту ТЖМ үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің қолдауымен ведомство авиациялық паркті жаңартып, инфрақұрылымды, соның ішінде заманауи тікұшақ алаңдарын салуды жалғастыруда. Атап айтқанда жылдың басында №4 қалалық клиникалық ауруханасы базасындағы модульдік алаң толық жаңартылып, заманауи навигациялық жабдықтар орнатылды.
Shymbulak курортының бас директоры Ринат Әбдірахманов мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдайларға ден қою ғана емес, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті. Курорт құтқару инфрақұрылымын дамытуға, заманауи жабдықтар алуға және мамандардың біліктілігін арттыруға тұрақты түрде инвестиция жасап, үздік халықаралық тәжірибелерге сүйенеді.
Оқу-жаттығуға ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметі, Құтқару қызметі, Апаттар медицинасы орталығы, Қазавиақұтқару, сондай-ақ Shymbulak курортының құтқару қызметі қатысты.
Бұл оқу-жаттығу құтқарушылар, дәрігерлер және авиация арасындағы өзара іс-қимылды шынайы жағдайға барынша жақын ортада іс жүзінде тексеруге мүмкіндік берді.