
Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының Тоқушы ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Бастаманың мақсаты шалғайдағы ауылдық елді мекендерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Салтанатты іс-шараға СҚО ТЖД бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Нүкішев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
«Жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықта «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы кезең кезеңімен жүзеге асырылуда. Оның мақсаты шалғайдағы елді мекен тұрғындарын қорғауды қамтамасыз ету. Осылайша, облыс аумағында өрттен қорғау жүйесі нығайып, жетілдірілуде», - деп Нұрлан Нүкішев атап өтті.
Нысан «Крафт» ЖШС базасында құрылып, толыққанды жұмыс істеу үшін барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Еріктілердің қарамағында жылы бокс, автономды су жүйесі, жабдықталған тұрмыстық үй-жайлар бар. ТЖ департаменті пункттің иелігіне өрт сөндіру автоцистернасын, өртті сөндіру құралдарын, өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдерін, радиостанцияларды тапсырды.
Пункттің құрылуы Тоқушы ауылдық округінің үш елді мекенінде (Тоқушы, Тюменка, Камышлово) тұратын 2100-ден астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, өрттен келетін залалды азайтады.