Қазақстанның ТЖ министрлігінде газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігін арттыру шаралары талқыланды

Қазақстанның ТЖ министрлігінде газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігін арттыру шаралары талқыланды

  Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабында министр генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің төрағалығымен тұрмыстық газ баллондарын пайдалану және халықтың қауіпсіздігін арттыру мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.

  Іс-шараға ТЖМ басшылығы, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, сауда және интеграция вице-министрлері, «Атамекен» ҰКП және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

  Шыңғыс Әрінов елдегі газ баллондардың едәуір бөлігі белгіленген пайдалану мерзімінен асып қолданылып жатқанын атап өтті. Бұл жағдай апаттар, газдың шығуы және тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың туындау қаупін арттырады. Соңғы үш жылда Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарының 30 жарылысы тіркеліп, 110 адам зардап шекті, оның 27-сі қайтыс болды.

  Газ баллондарын есепке алу мен олардың техникалық жағдайын бақылаудың бірыңғай жүйесінің жоқтығына ерекше назар аударылды. Бұл олардың нақты санына, орналасқан жеріне және пайдалану мерзіміне мониторинг  жүргізуді қиындатады, сондай-ақ жаңарту жұмыстарын жоспарлауға кедергі келтіреді.

  «Бүгінде халық пен инфрақұрылым үшін тәуекелдер деңгейін талдау, сондай-ақ қандай қадамдар жасалып жатқанын және негізгі мәселелерді шешудің қай жерде кешіктірілгенін анықтау маңызды. Қазіргі уақытта бағалау деректері бойынша айналымда шамамен 3,5 млн тұрмыстық газ баллоны бар. Бұл ретте нормативтік мерзімнен тыс қанша баллон пайдаланылатыны туралы нақты деректерді ешкім бере алмайды. Іс жүзінде 60-90 жылдары шығарылған баллондар да кездеседі. Яғни газ баллондарын таңбалау және қадағалау жүйесі қажет», - деді ТЖМ басшысы.

  Сондай-ақ ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі жоғары екені атап өтілді. Қазіргі уақытта елде тұрмыстық газ баллондарын өндіру іс жүзінде жоқ, ал бар өндірістік қуаттар халық сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Жаңа баллондардың қымбаттығы азаматтардың оларды уақытылы ауыстыруына кедергі келтіріп, ескі жабдықтарды пайдалануды жалғастыруға әкелуде.

  Кеңес барысында композитті баллон өндірушілердің ұсыныстары тыңдалып, мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар әсіресе шалғай өңірлерде баллондарды толтыру ережелерінің сақталмауы жағдайды қиындатуда. Заңнамаға сәйкес баллондарды тек арнайы газ толтыру станцияларында ғана толтыруға рұқсат етілгенімен, іс жүзінде автогаз құю станцияларында заңсыз толтыру фактілері кездеседі.

  Арнайы инфрақұрылымның жеткіліксіздігі баллондарға қауіпсіз қызмет көрсетуді қиындатады. Бұдан бөлек пайдаланылған баллондарды жинау, айналымнан шығару және кәдеге жарату жүйесінің де жеткіліксіз ұйымдастырылғаны атап өтілді. Бұрын басталған отандық өндірісті дамыту және кәдеге жарату жүйесін құру жұмыстары қазіргі таңда тоқтап тұр.

  Қазіргі уақытта болат газ баллондарына балама ретінде композитті баллондар қарастырылуда. Олар бірқатар елдерде жоғары қауіпсіздігі мен коррозияға төзімділігі арқасында кеңінен қолданылады. Сарапшылардың айтуынша, халықаралық тәжірибе мұндай баллондардың төтенше жағдайларда жарылыссыз, сынықтар шашырамай, қауіпсіз түрде бұзылатынын көрсетеді. Бұл баллондар тиісті сертификаттарға ие және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сәйкес өндіріледі.

  Кеңес қорытындысы бойынша газ баллондарын жаңарту, отандық өндірісті дамыту, олардың пайдаланылуы мен толтырылуына бақылауды күшейту, сондай-ақ есепке алу және кәдеге жарату жүйесін құру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді. Бұл шаралар азаматтардың қауіпсіздігін арттырып, Қазақстандағы тұрмыстық газ баллондары нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін болады.