
Бүгін Қазақстанда Наурызнама онкүндігі аясында «Тазару күні» атап өтілуде. ТЖМ-нің барлық бөлімшелерінде «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шаралары өткізіліп, ведомстволық нысандардың аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазалау жұмыстары жүргізілуде.
ТЖМ басшысы генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов экологиялық бастамалардың маңыздылығын және құтқарушылардың қоршаған ортаны сақтауға қосатын үлесін атап өтіп, өңірлерде жаңа нысандарды ашу кезінде дәстүрлі түрде көшет отырғызуға қатысады.
Көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыстарға, оның ішінде ТЖМ-нің өңірлердегі жаңа нысандары базасына да ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері еліміздің оңтүстік өңірлерінде шамамен 600 көшет отырғызылды. Өрт сөндіру деполары, құтқару станциялары, әмбебап бөлімшелер пайдалануға берілген кезде аумақтарды абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіліп, міндетті түрде ағаш отырғызылады. Аллеялар құрылып, демалыс аймақтары жасақталады, шағын сәулет нысандары мен фонтандар орнатылады. Осылайша тек заманауи инфрақұрылым ғана емес, қолайлы әрі экологиялық тұрғыдан таза орта да қалыптасады.
Тек 2025 жылдың өзінде ТЖМ қызметкерлері еліміздің түкпір-түкпірінде 5000-нан астам қарағай мен шырша көшетін отырғызды.
«Тазару күні» іс-шарасын өткізу экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етіп, қоршаған орта мен табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.