Ерікті өрт сөндірушілердің бірыңғай эмблемасы: Қазақстанда ауылдарды қорғау жүйесі қалай қалыптастырылып жатыр

Ерікті өрт сөндірушілердің бірыңғай эмблемасы: Қазақстанда ауылдарды қорғау жүйесі қалай қалыптастырылып жатыр

  Қазақстанда ерікті өртке қарсы құралымдардың бірыңғай эмблемасы енгізілді. Бұл шешім ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды. Бірыңғай символиканың не үшін қажет екені, ерікті бөлімшелер желісінің қалай дамып жатқаны және олардың қандай рөл атқаратыны туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев айтып берді.

  – Ерікті өртке қарсы құралымдар үшін бірыңғай эмблеманы енгізу не себепті қажет болды?

  – Бұған дейін өңірлердегі ерікті өрт сөндіру пункттері әртүрлі символиканы қолдануы мүмкін немесе олардың біртұтас визуалды белгісі мүлде болмауы мүмкін еді. Бұл олардың танымалдығын қиындататын және жүйенің тұтас қабылдануына кедергі келтіретін. Бірыңғай эмблеманы енгізу бірден бірнеше мәселені шешеді. Біріншіден бірыңғай стандарт пен визуалды сәйкестілік қалыптасады. Екіншіден ерікті құралымдардың мәртебесі артады, олар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жалпы жүйенің бір бөлігіне айналады. Үшіншіден мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінен нақты айыру пайда болады, бұл олардың рөлдері мен функцияларын түсінуде маңызды.

  – Бұл бастама еліміздің өрт қауіпсіздігі жүйесінде қандай рөл атқарады?

  –Жеке элемент туралы емес, кешенді жұмыстың бір бөлігі туралы сөз болып отыр. Ерікті өртке қарсы құралымдарды дамыту – бұл әсіресе ауылдық жерлерде негізгі бағыттардың бірі. Жүйе өрттер мен төтенше жағдайларға мүмкіндігінше жылдам ден қоюды қамтамасыз ете алатындай етіп құрылуда. Ерікті бөлімшелер негізгі қызметтердің дереу жетуі мүмкін емес жерлерде кәсіби қызметкерлерді толықтырады.

  – Бұл жұмыс қандай бағдарлама аясында жүзеге асырылуда?

  – Негізгі жұмыс ҚР ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бағдарламаның іске асырылуы төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенанты Шыңғыс Әріновтің бастамасымен қолға алынды. Бағдарлама ауылдық елді мекендерде қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Ол тек ұйымдастырушылық шараларды ғана емес, кешенді материалдық-техникалық қамтамасыз етуді де қамтиды: арнайы көліктерді, өрт сөндіру техникасын беру, нысанды киім мен байланыс құралдарын, яғни радиоқұрылғыларды қамтамасыз ету, сондай-ақ еріктілерді оқыту. Жеке шешімдердің жиынтығы емес, тұтас жүйе қалыптасады.

  – Неліктен дәл ауылдық елді мекендер басты назарда?

  – Ауылдық жерлердің өз ерекшеліктері бар. Бұл қашықтық, елді мекендердің шашыраңқылығы және кәсіби инфрақұрылымға шектеулі қолжетімділік. Өрт жағдайында уақыт факторы шешуші мәнге ие болады. Ерікті құралымдар аудан орталықтарынан бөлімшелер келгенге дейін дереу әрекет бастауды қамтамасыз етеді. Бұл залалдың азаюына және кейбір жағдайларда өмір мен мүлікті сақтауға тікелей әсер етеді.

  – Бүгінгі таңда ерікті өрт сөндіру пункттер желісі қалай дамып жатыр?

  – Қазіргі таңда Қазақстанда 161 ерікті өртке қарсы пункт құрылған. Бұл арқылы 473 ауыл өрт қауіпсіздігімен қамтылды. Жұмыс жалғасуда және желі кеңейтіледі. Тек саны емес, сапасы да маңызды. Сондықтан құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге және дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. Еріктілер оқудан өтіп, қажетті киім-кешек пен техниканы алады. Бұл оларға тиімді және қауіпсіз әрекет етуге мүмкіндік береді.

  – Жаңа эмблема нені білдіреді және оны қалай дұрыс қабылдау керек?

  – Эмблема біртұтас визуалды бейне ретінде құрастырылған, оның әрбір элементінің мағынасы бар. Алдымен назарды қызғылт сары шеңбер тартады – бұл ескерту, әрекетке дайындық және тұрақты кезекшілік түсі. Ол жалпы эмоционалды және мағыналы мәнге ие. Шеңбер бойында «Ауыл құтқарушылары» деген жазу мен нақты елді мекен көрсетілген. Бұл қызметтің жергілікті сипатын көрсетеді: бұл өз ауылын қорғайтын адамдар туралы. Ортасында орналасқан көк түсті қалқан қорғаныш пен қауіпсіздіктің әмбебап символы. Қалқанның үстінде өрт сөндірушінің каскасы мен айқасып тұрған балталар бейнеленген. Бұл өртті сөндіру, құтқару, тәуекел жағдайында жұмыс істеу сияқты қызметтің нақты мәнін көрсетеді. Бүйірінде қысқартылған «АҚ» деген жазу бар, ол ерікті құтқарушылар жүйесіне тиесілі екенін білдіреді. Жан-жағындағы ұлттық ою-өрнек мәдени салт-дәстүрлер мен өзара көмекті көрсетеді. Төменгі бөлігіндегі  шаңырақ үйді, отбасын және өмірді білдіретін символ. Ол композицияның негізгі мәнін айқындайды: қорғау абстрактты объектілер емес, нақты адам ортасын қамтиды. Эмблема мына идеяны жеткізеді: ауыл тұрғындары өз үйлерін және өз ауылын қорғайды.

  – Бірыңғай эмблема қазір қай жерде қолданылып жатыр және қандай әсер күтіледі?

  – Эмблема еліміздің барлық аумағында енгізіліп, бірыңғай визуалды концепция аясында қолданылады. Ол нысанды киімде, өрт сөндіру техникасында бейнеленеді, ғимараттарға орналастырылады және құжаттарда пайдаланылады. Күтілетін әсер – бұл ерікті бөлімшелердің танымалдылығын арттыру, тұрғындардың сенімін қалыптастыру және бүкіл құрылымды жүйелендіру. Адамдар олардың кім екенін, қандай функция атқаратынын және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін түсінуі тиіс.

  ТЖМ бірыңғай эмблеманы енгізу бұл ерікті өртке қарсы бөлімшелерді дамыту бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Ауылдық жерлерде дәл осы бөлімшелер тұрғындарға жедел әрекет ету және қорғау жүйесінің маңызды элементіне айналады.