
Қазақстанда республикалық референдум өткізу аясында «QAZAQSTAN» телеарнасының эфирінде «Референдум-2026» ауқымды онлайн-марафоны ұйымдастырылды. Онда көрермендер өрт қауіпсіздігі саласындағы бірегей әзірлеме – Қазақстан ТЖМ робот-өрт сөндірушісінің таныстырылымына куә болды.
Қашықтан басқару жүйесімен және шынжыр табанды жүріспен жарақталған робот Петропавл қаласындағы зауыт мамандары мен Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде әзірленді.
Бұл жоғары технологиялық аппарат өртті күрделі жағдайларда, соның ішінде құтқарушылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін қауіпті өндірістік нысандарда сөндіруге арналған.
Телемарафон барысында Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы жедел кезекшісінің орынбасары азаматтық қорғау капитаны Жанат Қапаров роботтандырылған қондырғының бірегейлігі мен оның ТЖ орындарындағы қауіпсіздікті арттырудағы рөлі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Ол бұл роботтың құтқарушылардың өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтуға арналғанын атап өтті. Бұл әсіресе ірі әрі қауіпті өрттерді жою кезінде аса маңызды.
Қапаровтың айтуынша, мұндай роботтарды қолдану құтқару операцияларының тиімділігін едәуір арттырып, уақыт пен ресурстар шығынын азайтуға, сондай-ақ адам шығыны қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұл инновациялық әзірлеме Қазақстанның технологиялық жетістіктері саласындағы маңызды қадам болып табылады және құтқарушылар мен азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға деген ұмтылысты білдіреді.