Өткен тәулікте қар құрсауынан 300-ге жуық адам құтқарылды және эвакуацияланды

Өткен тәулікте қар құрсауынан 300-ге жуық адам құтқарылды және эвакуацияланды

  Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ құтқарушылары 287 адамды, оның ішінде 17 баланы құтқарып, эвакуациялады. Сонымен қатар 40 автокөлік қар құрсауынан шығарылды.

  Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.

  Сәтті құтқару жұмыстарын ерекше атап өткен жөн:

  Ақмола облысында 153 адам құтқарылды және эвакуацияланды

  Көкшетау, Степногорск, Қосшы, Целиноград, Зеренді, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Қорғалжың, Атбасар, Ерейментау, Шортанды, Жарқайың, Есіл аудандары және Біржан сал аудандарында ТЖД күштері қар құрсауында қалған автокөліктердегі 8 адамды, оның ішінде 2 баланы құтқарып, 145 адамды, оның ішінде 4 баланы эвакуациялады.

 Оқиғалар Зеренді ауданының Гранитное және Шағалалы елді мекендеріне жақын жерде болды. ТЖМ құтқарушылары Ақмола облысының Гранитное ауылына шықты. Қатты боран салдарынан 12 жүк көлігінің жүргізушілері қар құрсауында қалып қойған еді. Құтқарушылар оларды эвакуациялады, жол бойында блокбекеттердің бірінен әйел адамды да шығарды. Содан кейін құтқарушылар Шағалалы ауылына аттанды. Онда жедел-құтқару жасағы тағы 17 адамды эвакуациялап, оларды ауылға жеткізді. Екі жағдайда да эвакуацияланған адамдарға медициналық көмек қажет болған жоқ. 112 пультіне Ақмола облысы Атбасар ауданына қарасты Ащыкөл ауылының маңында жеңіл автокөлік қарға тұрып қалғаны туралы хабарлама түсті. Құтқарушылар жедел түрде арнайы жол талғамайтын көлікпен келіп, екі адамды Атбасар ауылына эвакуациялады. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Шағалалы ауылының маңында қар құрсауында жедел жәрдем көлігі тұрып қалды. Көлікте алдын ала диагнозы аппендицит қойылған бала болған. Сонымен қатар жол бойында боран салдарынан қарға кептеліп қалған 2 жүкті әйелдің көліктері де эвакуацияланды. Құтқарушылар жедел жәрдем бригадасына және балаға көмек көрсетіп, оларды аман-есен облыстық балалар ауруханасына жеткізді.

  Қарағанды облысында ТЖМ құтқарушылары 70 адамды жылыту пунктіне жеткізді

  Қолайсыз ауа райына байланысты автожолдарда қалып қойған азаматтарға ТЖМ құтқарушылары көмек көрсетті. Осакаров ауданында Осакаровка кентінен 7 км жерде облыстық маңызы бар «Осакаровка – Нұра» автожолының жабық учаскесінде 9 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар арнайы жол талғамайтын техникамен 22 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуациялап, Сельстрой ауылына жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Сондай-ақ Нұра ауданында Нұра кентіндегі жабық блок-бекетте жиналып қалған көліктерден 21 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуацияланып, жылыту пунктіне жеткізді. Бұдан бөлек, Нұра кентінен 12 км жерде аударылып қалған жеңіл автокөліктен 1 адам құтқарылып, Нұра кентіне жеткізілді. Медициналық көмек қажет болған жоқ. Сонымен қатар Нұра кентінен 15 км жерде техникалық ақауы бар жеңіл көліктен ТЖМ күштерімен 2 адам құтқарылып, Нұра кентіне жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Қолайсыз ауа райына байланысты Қарағанды облысының Осакаров ауданында облыстық маңызы бар «Осакаровка – Нұра» автожолының жабық учаскесінде 6 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары өтімділігі жоғары техниканың көмегімен көліктерде болған 24 адамды, оның ішінде 2 баланы, Осакаровка кентіне жеткізді. Зардап шеккендер жоқ, ешкімге медициналық көмек қажет болмады.

  Елордалық құтқарушылар адамдарды қар құрсауынан эвакуациялады

  Қатты боран мен қар үйінділеріне байланысты Астана қаласы ТЖД-нің 112 қызметіне жолда қар құрсауында қалған адамдар туралы бірнеше хабарлама түсті. Қызылсуат ауылының маңында дала жолында бірнеше автокөлік қар құрсауында қалды. ТЖМ күштерімен 10 адам эвакуацияланды. Байқоңыр ауданында, Солтүстік айналма жолда ішінде адамдар болған автокөлік қар құрсауында қалып қойған. Құтқарушылар 3 адамды жолдың тазартылған бөлігіне эвакуациялады. «Балқарағай» демалыс аймағы маңында дала жолында екі адам отырған автокөлік қар құрсауында қалған. Жол бойында құтқарушылар тағы бір жеңіл көлікті сүйреп шығарды. Бір адам Қызылсуат ауылына, екіншісі Астана қаласына жеткізілді. Барлық жағдайда құтқарылған адамдарға медициналық көмек қажет болған жоқ.

  Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар қар құрсауынан 58 адамды құтқарды

  Ақжар, Жұмабаев, Шал ақын, Жамбыл, Уәлиханов, Тимирязев, Айыртау, Мамлют, Қызылжар және Тайынша аудандарында ТЖД күштері қар құрсауында қалған 19 жеңіл автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарды. 58 адам, оның ішінде 10 бала құтқарылды. Сондай-ақ 194 адамға жол көрсетіліп, олар жылыту пункттеріне орналастырылды.

  Сонымен қатар, қарға ілініп қалған 19 автокөлік пен 131 адам, оның ішінде 2 бала, жылыту пунктіне жеткізілді.  Құтқару бөлімшелері қиын ауа райы жағдайында қалған адамдарға көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Тимирязев ауданында, Ақсуат ауылының маңында, қалың қар құрсауына байланысты жолда 7 жеңіл автокөлік тұрып қалды. Көмекке жоғары өтімді техникамен ТЖМ құтқарушылары келді. Қызметкерлер қар құрсауында қалған автокөліктерден адамдарды жедел эвакуациялап, оларды жақын маңдағы елді мекендерге жеткізді. Барлығы 9 адам құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Қызылжар ауданында Петерфельд ауылынан ТЖМ құтқарушылары әйелді тасымалдауға көмек көрсетті. Әйелге медициналық мекемеге жедел жеткізу қажет болды. Құтқарушылар оны көлікпен медициналық қызметкермен бірге Петропавл қаласындағы ауруханаға апарып салды. ТЖМ қызметкерлерінің жылдам әрекеттерінің арқасында әйел уақытында ауруханаға жеткізілді және дәрігерлерге тапсырылды.

  Қостанай облысында қар құрсауынан 67 адам құтқарылды

  Қарлы боран салдарынан бірнеше аудандар мен қалаларда құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Авариялық құтқару жұмыстары Денисов, Сарыкөл, Жітіқара, Әулиекөл, Б.Майлина және Арқалық, Лисаков қалаларында жүргізілді. Құтқарушылар қар құрсауында қалған адамдарды эвакуациялап, қауіпсіз жерге жеткізді. ТЖМ құтқарушылары мен техникалары жұмылдырылды. Құтқарушылардың кәсібилігінің арқасында қар құрсауында қалған автокөліктерден адамдар құтқарылды. Нәтижесінде 32 адам қауіпсіз жерге жеткізілді, олардың ішінде 4 бала. Сонымен қатар, 35 адам эвакуацияланды, бірақ медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Құтқарылғандар жылыту орталықтарына орналастырылды.

  Ақтөбе облысында ТЖМ құтқарушылары көліктерді қар құрсауынан шығарып, 27 адамдарды эвакуациялады

  Хромтау ауданында жабық жол учаскелерін патрульдеу барысында ТЖМ күштері қар құрсауында қалған жеңіл автокөлікті тазартылған жол бөлігіне шығарып алды. Көлік ішінде бір адам болған, оған медициналық көмек қажет болған жоқ. Ақтөбе қаласында автожолдарды патрульдеу кезінде құтқарушылар жабық жол учаскелерінде қалған азаматтарға көмек көрсетті. Арнайы техниканың көмегімен 27 адам Бестамақ ауылы мен Алға қаласына жеткізілді. Тасымалдау қашықтығы шамамен 40 шақырымды құрады. Тағы бір оқиға Темір ауданында Тасқопа ауылынан 20 шақырым жерде болды. ТЖМ күштері қарға батып қалған жеңіл автокөлікті шығарып алды. Көліктің ішінде 4 адам болған, оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Алға ауданы, Қайыңдысай ауылында қатты боран жолдарды қар басып, қозғалысты мүлде қиындатқан сәтте жүкті әйелдің өміріне қауіпті жағдай туындады. Ол шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болды. Жол патрульдеген жергілікті полиция инспекторы жол шетінде тоқтаған автокөлікті байқайды. Ішінде босанудың белгілері байқалған әйел, жүргізуші және фельдшер бар еді. Полицей қызметтік көлікте әйелді және фельдшерді алып, боранның қаттылығына байланысты ары қарай қозғалу қиын болғандықтан, оларды құтқарушылармен кездесетін жерге жеткізді. Құтқарушылар өтімділігі жоғары техникамен жолға шықты. Олар шамамен 40 километр күрделі, қар құрсауындағы жолдан өтіп, жүкті әйелді Ақтөбе қаласындағы облыстық перинаталды орталыққа аман-есен жеткізді. Кәсіби үйлесімділік пен батылдықтың арқасында көмек уақтылы көрсетілді.

  Жамбыл облысында шу ауданында батпаққа батқан автокөліктерге құтқарушылар көмек көрсетті

  Ақсу ауылынан 25 шақырым қашықтықтағы ауылішілік жолда бірнеше автокөлік батпаққа батып, өздігінен қозғала алмай қалған. Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері жедел түрде жетті. Құтқарушылар батпаққа батып қалған 3 жеңіл автокөлікті  сүйреп шығарып, көліктердегі 7 адамды қауіпсіз жерге жеткізді. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болған жоқ. Жұмыс аяқталғаннан кейін құтқарушылар автокөліктерді асфальтталған автожолға дейін шығарып салып, жолдарын қауіпсіз жалғастыруына жағдай жасады.

  Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығында құтқарушы автоколоннаға жаяу жол көрсетті

  Кеше түнде ТЖД құтқарушылары Атамекен – Ертіс – Русская Поляна автожолында дауылды жел мен төмен қарлы боран жағдайында автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсетті. Құтқару операцияларының бірін жүргізу барысында ТЖД қызметкерлері жолдан шыққан жеңіл автокөлікті алып шықты. Бір жолаушы эвакуацияланып, жылыту пунктіне жеткізілді. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданынан Павлодар қаласына дейін он автокөлікке сүйемелдеу ұйымдастырылды. Қатты боранның кесірінен кей жерлерде нөлдік көріну байқалды. Мұндай жағдайда бас маман, азаматтық қорғау лейтенанты Қайрат Мусинов көлік қозғалысының қауіпсіз бағытын көрсете отырып, автоколоннаның алдына шықты. Құтқарушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында колонна межелі жерге аман-есен жетті. Зардап шеккендер жоқ.

  Сонымен қатар көріну мүмкіндігі нөлге тең жағдайда құтқарушылар көлікті тас жол бойымен жаяу жүргізді. Кеше ТЖД-нің 112 пультіне Көктөбе ауылынан шамамен 15 шақырым жерде жеңіл автокөліктің жолдан шығып, кюветке түскені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу құтқарушылар жіберілді. Жағдайды қатты боран мен жолдағы көрінудің төмендігі қиындата түсті. Көмекке келген Май ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері — азаматтық қорғау полковнигі Дастан Искара, азаматтық қорғау капитаны, инженер Мирас Гросс және азаматтық қорғау капитаны, бас маман Талғат Ташенов — кезектесіп, автокөліктің алдында 4 шақырымнан астам жаяу жүріп, жол бағытын көрсетіп отырды. Қиын ауа райы жағдайына қарамастан, Май ауданының құтқарушылары оқиға орнына жетіп, қиын жағдайға тап болған адамдарға қажетті көмек көрсетті. Кейін олар Кентүбе ауылы маңындағы тұрақты орналасу орнына қайтып келе жатып, Атамекен – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов республикалық маңызы бар автожолында тағы бір бұзылып қалған автокөлікті байқады. Оның ішінде Курчатов қаласынан келе жатқан Павлодар қаласының екі тұрғыны болған. Боран мен нөлге жуық көріну жағдайында құтқарушылар адамдарға жедел көмек көрсетіп, оларды қауіпсіз жерге жеткізді. Құтқарушылардың кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында барлық азаматтар аман-есен құтқарылды.

  ТЖМ еске салады: елді мекендерден шықпас бұрын ауа райы жағдайлары мен автожолдардың жай-күйін ескеру қажет. Ауа-райы нашарлаған жағдайда мүмкіндігінше ұзақ сапарлардан бас тарту және қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.