Сенатта Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды

Сенатта Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы  келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды

  Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында пленарлық отырыста «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы қаралды.

  Заң жобасының негізгі ережелері бойынша Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев баяндама жасап, аталған келісім табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен тетігін құруға, сондай-ақ зардап шеккен мемлекетке ерікті қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

  Стамбул қаласында 2021 жылғы 12 қарашада қабылданған түркі мемлекеттері ұйымының 8-ші саммитінің декларациясын және Анкара қаласында 2023 жылғы 16 наурызда қабылданған түркі мемлекеттері ұйымының мемлекет басшылары кеңесінің шешімін орындау шеңберінде 2024 жылғы 6 қарашада төтенше ведомстволардың басшылары Түркі мемлекеттері ұйымын азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге қол қойды.

  Көмек көрсету зардап шеккен мемлекеттің өтініші бойынша төтенше жағдай кезінде ерікті негізде жүзеге асырылады.

  Азаматтық қорғау тетігінің құрамына кірмейтін басқа мемлекеттерге көмек көрсету туралы шешім әрбір жағдайда консенсус негізінде қабылданады.

  Сонымен қатар Азаматтық қорғау тетігіне қатысу қатысушы мемлекеттердің зардап шеккен мемлекеттерге мемлекет атынан екіжақты негізде көмек көрсету құқығын шектемейді.

  Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігі түркі мемлекеттері ұйымының құрамында төтенше жағдайлар саласындағы салалық орган ретінде әрекет ететін халықаралық ұйым нысанында құрылады.

  Министрлер кеңесі және Азаматтық қорғау тетігінің хатшылығы әкімшілік жұмыс органдары болып табылады.

  Биыл Министрлер кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ететін мемлекеттің төтенше ведомствосының басшысы басқарады.

  Бұл ұйым Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы мемлекеттердің толық құрамының қатысуымен азаматтық қорғау саласындағы жалғыз ұйым болып табылатынын және хатшылық атынан тұрақты жұмыс істейтін атқарушы органы бар екенін атап өту маңызды.

  Хатшылықтың штаб-пәтері Стамбул қаласында орналасады, оны Бас хатшы басқарады, Министрлер Кеңесі 3 жыл мерзімге тағайындайды. Оны құруға түрік тарапы қажетті қолдау көрсетеді.

  Осы Келісімді іске асыру түркі мемлекеттері арасында азаматтық қорғау саласындағы өзара қолдау мен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.

  Отырыстың онлайн көрсетілімі: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/live.