
Қолайсыз ауа райы жағдайларына боран, көктайғақ, қатты жел және көріну қашықтығының нөлге дейін төмендеуіне байланысты (2026 жылғы 11 наурыз аралығында) Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 760 адамды, оның ішінде 36 баланы құтқарып, эвакуациялады. Сонымен қатар 50 автокөлік қар құрсауынан шығарылды.
Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Сәтті құтқару жұмыстарын ерекше атап өткен жөн:
Өткен тәулікте Қарағанды облысында ТЖМ қызметкерлері қар құрсауынан 407 адамды құтқарды
Абай ауданында «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолында құтқарушылар автокөліктердің жиналып қалуынан 49 адамды, оның ішінде 5 баланы Қарағанды қаласына жеткізді. Қарағанды қаласында жабық автожол учаскесі маңында ТЖМ-нің 52859 әскери бөлімінің күштерімен автокөліктердің жиналуынан 30 адам, оның ішінде 4 бала Теміртау қаласының автовокзалына жеткізілді. Бұқар Жырау ауданында облыстық маңызы бар «Қарағанды – Доскей – Тоғызқұдық – Ботақара» автожолында қар құрсауында қалған 5 автокөліктен ТЖМ құтқарушылары 20 адамды, оның ішінде 2 баланы эвакуациялады. Азаматтар Қарағанды қаласының автостанциясына жеткізілді. Сондай-ақ Бұқар Жырау ауданында республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолында, Майөзек ауылының маңында, техникалық ақауы бар үш жеңіл автокөліктен 9 адам, оның ішінде 2 бала жол бойындағы кемпингке жеткізілді. Осакаров ауданында облыстық маңызы бар «Нұра – Осакаровка» автожолында қар құрсауында қалған 4 жүк көлігі мен 1 жеңіл автокөліктен 12 адам, оның ішінде 2 бала Осакаровка кентіне эвакуацияланды. Осы ауданда «Осакаровка – Молодежный» автожолында қар құрсауында қалған үш жеңіл автокөліктен 5 адам Пионерское ауылына жеткізілді. Сонымен қатар Осакаров ауданының «Астана – Қарағанды» автожолында, Ошаганды елдімекенінің маңында жаппай жол-көлік оқиғасы болды. Көліктердің жиналған жерінен ТЖМ вахталық автобустары және Апаттар медицинасы орталығының бригадасының күшімен 111 адам Теміртау қаласындағы жылыту пункттеріне және медициналық мекемелерге жеткізілді. Оларға ыстық тамақ пен қажетті көмек көрсетілді. Барлық эвакуацияланған азаматтарға медициналық көмек қажет болмады.
Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты ТЖМ құтқарушылары 107 азаматқа көмек көрсетті
Шиқылдақ – Бозшакөл автожолында автомобиль қар құрсауында қалды. Құтқарушылар көлікті Шідерті кентінен шамамен 30–35 км қашықтықта тауып, екі адамды эвакуациялады. Қауіпсіздік мақсатында олар Шідерті кентіндегі мешітке жеткізіліп, ауа райы жақсарғанша сонда паналады. Атамекен – Ертіс – Русская Поляна тасжолында қатты дауылды жел мен жаяу бұрқасын салдарынан жеңіл автокөлік жол жиегіндегі кюветке түсіп кеткен. Құтқарушылар көлікті шығарып, бір жолаушыны Атамекен кентіндегі жылыту пунктіне эвакуациялады. Сонымен қатар ТЖМ қызметкерлері Ақтоғай ауданынан Павлодар қаласына дейін 10 автокөлікті жол бойымен алып жүріп, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қалқаман – Баянауыл автожолында бұзылып қалған көліктен бір отбасы – екі ересек адам мен екі бала эвакуацияланды. Адамдар қауіпсіз жерге жеткізілді. Көктөбе ауылынан 15 км қашықтықта Май ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері жол жиегіне шығып кеткен автокөлікке көмек көрсетіп, көліктегі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Атамекен – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов автожолында құтқарушылар тағы бір бұзылып қалған көлікті анықтады. Павлодар қаласының екі тұрғыны эвакуацияланып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Сол күні кешке Ақсу қаласының құтқарушылары қар құрсауында қалған автокөлікті шығарып алды. Көлікте 7 адам, оның ішінде 2 бала болған. Барлығы эвакуацияланып, тұрғылықты жерлеріне жеткізілді. Ешкімге медициналық көмек қажет болған жоқ.
Елорда құтқарушылары қар құрсауынан 26 адамды эвакуациялады
Елордалық құтқарушылар қолайсыз ауа райы салдарынан тасжолда қалып қойған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетті. Оқиға Астана–Қарағанды автожолында болды. 112 пультіне бірнеше автокөліктің соқтығысуынан кейін адамдарға көмек қажет екені туралы хабар түсті. Оқиға орнына келген құтқарушылар бірнеше көліктің жол-көлік оқиғасына ұшырағанын, ал жолаушылардың күрделі ауа райы жағдайында тасжолда қалғанын анықтады. Қатты жел мен боран жағдайды едәуір қиындатқан. Құтқару операциясы барысында Жалтыркөл ауылы маңында қалған адамдар жол талғамайтын арнайы техникамен эвакуацияланды. Нәтижесінде 17 адам аман-есен Астана қаласына жеткізілді.
Тағы бір оқиға Целиноград ауданы Нұра ауылы маңында Астана қаласынан 46 км жерде орын алды. Оқиға орнында екі жүк көлігі қар құрсауында қалып, қозғалысын жалғастыра алмай қалған. Жолаушылар өз бетінше шыға алмай, құтқарушылардан көмек сұраған. Жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері арнайы жол талғамайтын техникамен құтқару жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қар құрсауынан 6 адам, оның ішінде бір бала эвакуацияланды. Құтқару жұмыстары барысында жолда тағы үш адамға көмек қажет екені анықталды. Олар да жеңіл автокөлікпен қарға батып қалған. Құтқарушылар оларға да көмек көрсетті. Жалпы 9 адам құтқарылып, жақын маңдағы Сарыкөл ауылына жеткізілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге жеткізілді. Құтқарылған азаматтар олардың жедел көмегі үшін құтқарушыларға алғыс білдірді.
Ақмола облысында ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 46 адамды эвакуациялады
Қорғалжын ауданы Үшсарт ауылынан 6 шақырым жерде қар құрсауында қалған автокөліктерден құтқарушылар 6 адамды эвакуациялады. Эвакуацияланғандар жылыту пунктіне орналастырылды. Аршалы ауданының құтқарушыларына эвакуация жұмыстарын екі рет жүргізуге тура келді. Бірінші жағдайда көмек мектеп автобусындағы жолаушыларға қажет болды. Қар құрсауында қалған автобуста 13 адам, оның ішінде 6 бала болған. Барлығы Бірсуат ауылындағы тұрғылықты жерлеріне жеткізілді. Екінші жағдайда құтқарушылар Ижевское ауылының маңында қар құрсауында қалған жерден 11 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуациялады. Барлығы жылыту пунктіне орналастырылды. Целиноград ауданының құтқарушылары да екі рет шақыртуға шықты. Қар құрсауынан 8 адам, оның ішінде 1 бала эвакуацияланды. Ерейментау ауданында мал іздеуге шыққан ер адам жоғалып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстарына бара жатқан құтқарушылар жолда қар құрсауында қалған автокөліктен 7 адамды эвакуациялады. Көп ұзамай жоғалған ер адам табылып, тұрғылықты жеріне жеткізілді. Эвакуацияланған азаматтар да жылыту пунктіне жеткізілді.
Қарағанды облысында ТЖМ қызметкерлері 117 адамды қар құрсауынан құтқарды
Қарағанды қаласында жолдың жабық учаскесінде ТЖМ күштері жиналып қалған көліктерден 50 адамды, оның ішінде 3 баланы Теміртау қаласының сапаржайына жеткізді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ. Екінші құтқару операциясы Абай ауданында «Астана-Қарағанды-Алматы» автожолының Спасск ауылына жақын маңында жүргізілді. Мұнда жиналып қалған көліктерден 49 адам, оның ішінде 5 бала Қарағанды қаласына эвакуацияланды. Олардың да денсаулығына қауіп төнген жоқ. Нұра ауданында «Астана-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау» автожолының Мыңбаев және Көбетей елді мекендері тұсында қар құрсауында қалған 7 жеңіл автокөлік жолдың тазартылған учаскесіне шығарылды. Көлік ішіндегі 15 адам, оның ішінде 2 бала қауіпсіз жерге жеткізілді. Дәл осы автожолдың Ахметауыл ауылы маңында қар құрсауында тұрып қалған жеңіл көліктен 3 адам Нұра кентіне эвакуацияланды. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Құтқарушылар 57 адамды жылыту пунктіне жеткізді
Темір ауданында ауа райының нашарлауына және боранға байланысты Қандыағаш қаласынан Атырау облысының шекарасына дейінгі автожол учаскесінде жүк және жолаушылар көлігіне қозғалыс шектеуі енгізілді. Блок бекетте Астана – Атырау және Ақтөбе – Сағыз бағыттары бойынша жүріп келе жатқан екі жолаушылар автобусы болған. ТЖМ күштерімен автобустардың жолаушылары Шұбарқұдық кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде орналасқан жылыту пунктіне жеткізілді. Барлығы 57 адам эвакуацияланды, олардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары.
ТЖМ еске салады: елді мекендерден шықпас бұрын ауа райы жағдайлары мен автожолдардың жай-күйін ескеру қажет. Ауа-райы нашарлаған жағдайда мүмкіндігінше ұзақ сапарлардан бас тарту және қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.