
Сіздерді Халықаралық әйелдер күні мерекесімен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі атынан шын жүректен және жылы лебізбен құттықтаймын!
Елімізде әйелдер қоғам өмірінің барлық саласында белсенді еңбек етуде. Сіздер күрделі міндеттерді табысты шешіп, жауапты шешімдер қабылдап, жоғары сенім үдесінен шығып, сонымен қатар нәзіктік пен сұлулықты сақтап келе жатырсыздар.
Бүгінде Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде 30 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді, олардың әр оныншысы – әйелдер. Олар — диспетчерлер мен радиотелефонистер, құтқарушылар мен кинологтар, психологтар мен медицина мамандары, Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ ТЖМ авиациясының ұшқыштары мен инженерлері.
Азаматтық қорғау жүйесі саласындағы қызмет әйелдерден ерекше дағдыларды талап етеді. Дегенмен, кәсіби тәртіп пен жауапкершілік тұрғысынан олар ер азаматтардан кем түспейді, кейде тіпті табиғи жауапкершілік сезімінің арқасында олардан да озық болады.
Қадірлі ханымдар, сіздерге зор денсаулық, бақыт және кәсіби табыс тілеймін!