
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында біз өмірін азаматтық қорғау органдарындағы қызметке және адамдарды құтқаруға арнаған әйелдер туралы айтқымыз келеді.
Дәмегүл Әлжанқызы Шашкенова – Ақмола облысы ТЖД жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің құтқарушы-медбикесі. Ол 1981 жылы Бурабай ауданының Ынталы ауылында дүниеге келген. Оның жалпы еңбек өтілі 18 жылды құрайды: оның ішінде 8 жыл – денсаулық сақтау саласында, 11 жыл – азаматтық қорғау органдарында. Дәмегүл Әлжанқызы әртүрлі күрделі авариялық-құтқару жұмыстарына бірнеше рет қатысып, зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетіп келеді. Адал қызметі үшін ведомстволық наградалармен, оның ішінде «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен наградталған. Жолдасымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр.
Назгүл Жақабайқызы Кенжебекова – азаматтық қорғау подполковнигі Алматы облысы ТЖД Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығының жедел кезекшісі. 1999 жылдан бері қызмет атқарады. Оның жұмысы жоғары психологиялық тұрақтылық пен кәсібилікті талап етеді, өйткені оның іс-қимылының дәлдігі мен жеделдігі барлық бөлімшелердің үйлесімді жұмысына тікелей әсер етеді. Қызмет жылдары ішінде ол авариялық-құтқару жұмыстарына 285 рет, іздестіру-құтқару іс-шараларына 56 рет шығып, төтенше жағдайлар туралы 300-ден астам SMS-хабарлама жіберуді қамтамасыз еткен. «Мінсіз қызметі үшін» I, II және III дәрежелі медальдарымен, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы еңбегі үшін естелік белгілермен наградталды.
Алёна Петровна Игнатова – Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау жүйесіне жиырма жылдан астам уақытын арнаған. 2004 жылдан бері ол төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша іс-шараларды талдау, профилактика және жоспарлау жұмыстарына, мониторингтің жаңа тетіктерін енгізуге және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға белсене қатысады. Әріптестері оның жоғары кәсібилігін, принципшілдігін және жағдайдың даму барысын алдын ала болжай білу қабілетін ерекше атап өтеді. Ал Алёна Петровна үшін төтенше жағдайлардың алдын алу жай ғана формалдылық емес, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты құралы.
Бұл әйелдер кәсібилік, жауапкершілік және іске деген адалдық қоғам қауіпсіздігінің берік негізіне айналатынының жарқын үлгісі. Олардың қызметі мен күнделікті еңбегі адамдардың өмірін құтқаруға, жедел дайындықты қамтамасыз етуге және азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға зор үлес қосып келеді.