Адам өмірін құтқарушы әйелдер: кәсібилік, адалдық және мойындау

Адам өмірін құтқарушы әйелдер: кәсібилік, адалдық және мойындау

  Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау органдарында әйелдер негізгі рөл атқарады, жоғары кәсібилігін, ісіне адалдығын және қызметтік міндеттерді жеке өмірімен үйлестіру қабілетін көрсетеді.

  Жақыпова Ғафура Мұратқызы елордалық Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері азаматтық қорғау жүйесінде 18 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі лауазымынан бастаған, сол жерде шұғыл әрекет ету және жинақылық дағдыларын игерген. Мамандық таңдауына өмірін өртке қарсы қызметке арнаған әкесі шабыт берген. ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы мен Бас прокуратураның Құқық қорғау органдары академиясында бейінді білім алып, Ғафура Мұратқызы қоғамға қызмет етуді өмірлік борышы  деп білетін жоғары білікті маманға айналды.

  Кәсіби қызметінен бөлек, ол сүйікті жар және үш баланың қамқор анасы. Жауапты қызмет пен отбасылық өмірді сәтті үйлестіру қабілеті оның жоғары ұйымдастырушылық қасиетін, ішкі күшін және таңдаған ісіне адалдығын айғақтайды.

  Сәденова Ботагөз Батырбекқызы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының аға оқытушысы, 2011 жылдан бері болашақ мамандарды даярлап келеді. Ол оқу құралдары, оқулықтар мен сөздіктерді әзірледі, заманауи оқыту және тәлімгерлік әдістемелерін енгізеді, халықаралық конференциялар мен ғылыми жобаларға тұрақты қатысады. Бірнеше техникалық салаға арналған оқулықтар мен сөздіктердің авторы болып табылады. Оның авторлық еңбектері курсанттардың теориялық білімін тереңдетуге және практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар курсанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына ғылыми жетекшілік етеді, олардың зерттеу әлеуетінің дамуына жүйелі түрде ықпал жасайды. Оның жетекшілігімен курсанттардың ғылыми жобалары халықаралық деңгейде бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Ботагөз Батырбекқызы кәсібилігі, ісіне адалдығы және білім беру саласына қосқан үлесі үшін көптеген ведомстволық наградалармен наградталған.

  Жумабекова Альбина Иргалимовна   Батыс Қазақстан облысы ТЖД жедел-құтқару жасағы кинологиялық бөлімінің басшысы, қызметтік иті Белламен бірге адамдардың өмірін құтқаруға атсалысады. 2019 жылдан бері ол иттерді оқыту және тәрбиелеумен айналысып, оларды іздестіру-құтқару жұмыстарына дайындайды. Кинолог мамандығы шыдамдылықты, жауапкершілікті, физикалық дайындықты және қызметпен жеке өмірді үйлестіру қабілетін талап етеді. Әйелдер үшін кинолог болу оңай емес: қызмет физикалық дайындықты, төзімділікті және кез келген ауа райында жұмыс істеуге дайындықты қажет етеді. Алайда іздемпаздық пен ісіне деген сүйіспеншілік болса, барлық қиындықтарды еңсеруге болады. Қызмет өткерген жылдары ол әртүрлі операцияларға қатысып, әрқайсысынан баға жетпес тәжірибе алған.

  Отбасы Альбинаны қолдап, оның тәулік бойғы қызмет режимін түсінеді. «Жұмыс уақыт пен күш-жігерді талап етеді, бірақ міндеттерді дұрыс бөлу арқылы қызмет пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға болады», – дейді ол.

  Нұрғалиева Назель Үсенқызы ТЖМ «Қазавиақұтқару» әуе құтқару қызметінің жас ұшқыш-командирі авиациялық-құтқару саласында батылдық пен кәсібиліктің үлгісін көрсетеді. Ол Азаматтық авиация академиясының түлегі. 2021 жылы «Қазавиақұтқару» құрамында EC-145 тікұшағының екінші пилоты ретінде қызметін бастаған, кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында 2024 жылы әуе кемесінің командирі болып тағайындалған. Бүгінгі күнге дейін Назельдің ұшу тәжірибесі 900 сағатты құрайды, бұл жас маманның жоғары біліктілігінің және маңызды тәжірибесінің айғағы болып табылады. Батыр қыздың айтуынша санитарлық және шұғыл рейстер тек кәсіби дайындықты ғана емес, жоғары психологиялық төзімділікті де талап етеді. Назель кәсіби ұшқыш болу үшін ісіне адалдық, табандылық, стресске төзімділік, кейде қаталдық қажет екенін, сондай-ақ білімді үздіксіз жетілдіру маңызды екенін атап көрсетеді.

  Осы әйелдердің әрқайсысы тек жоғары білікті маман ғана емес, сондай-ақ адамдардың өмірін құтқаруға бағытталған миссияның маңызды қатысушылары болып табылады. ТЖМ ұжымы әйелдердің әлеуетін дамытуға қолдау көрсетеді, кәсіби өсуге жағдай жасайды және олардың азаматтық қорғау жүйесіндегі рөлін нығайтады. Олардың еңбегі аспанда да, жерде де қауіпсіздіктің сенімді тірегі, батылдықтың, жауапкершіліктің және ісіне адалдықтың үлгісі болып табылады.