«Заң және тәртіп» қағидаты аясында өңірлерде «Жол бер» республикалық акциясы жалғасуда. Ұлытау облысында жүргізушілердің мәдениетін арттыру және арнайы көліктердің төтенше жағдай орындарына кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік эксперимент өткізілді.
Әлеуметтік эксперимент барысында мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автомобилінің жүргізушісі шұғыл шақыртуларға шығу тәжірибесімен бөлісіп, жолдағы нақты жағдайды айтты. Шақыртуларға бара жатқан кезде кейбір жүргізушілер жарық және дабыл сигналдары қосылған арнайы көлікке жол бермейтіні жиі кездеседі. Мұндай ережені бұзу оқиға орнына жету уақытын ұзартып, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді қиындатуы мүмкін.
Жолдағы әр минут маңызды, ал уақытылы жол беру біреудің өмірін құтқарып қалуы мүмкін. ТЖМ жүргізушілерді сақ болуға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жедел қызметтердің жұмысына құрметпен қарауға шақырады.