Қауіпсіздіктің алдыңғы шебіндегі әйелдер: күш-қуат, кәсібилік және ісіне адалдық тарихы

Қауіпсіздіктің алдыңғы шебіндегі әйелдер: күш-қуат, кәсібилік және ісіне адалдық тарихы

  Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстанның ТЖМ азаматтық қорғау жүйесінің нәзік жанды қызметкерлері туралы айтамыз, олар күн сайын қауіпсіздік шебінде тұрып, адамдардың өмірін құтқарады.

  Азаматтық қорғау органдарында әртүрлі мамандықта әйелдер қызмет атқарады, атап айтсақ пилоттар, кинологтар, құтқарушылар, диспетчерлер, радиотелефонистер, инспекторлар, бөлімше басшылары, психологтар, дәрігерлер және орталық аппараттың мамандары. Олардың еңбегі бүкіл жүйенің тұрақты жұмысына маңызды үлес қосады. Бұл қиын қызметте олар кәсіби жауапкершілікті отбасына қамқорлықпен табысты үйлестіріп, жақындары үшін тірек болып қала береді.

  Құтқарушылар ұжымында өз орнын тапқан психолог

  Психолог Оксана Петрова Шығыс Қазақстан облысы ТЖД жедел-құтқару бөлімінде 15 жыл бойы қызмет етеді. Қызметкерлердің басым бөлігі ер адамдардан тұратын ұжымға ол медбике ретінде жұмыс тәжірибесімен келген және бір уақытта психолог мамандығын меңгерген.

  Жаңа жұмыс шартына үйрену оңай болмады, бірақ іздестіру-құтқару жұмыстарында бірге шығу оған ұжымның бір бөлігі болуға көмектесті. Кадрларды кәсіби диагностикалау алдында Оксанадан өзін сынап көріп, биікте жұмыс істеуді меңгеру қажет болды. Ол құтқарушылармен қатар арқан арқылы көтерілу мен түсуге үйреніп, қызметтегі барлық қиындықтарды әріптестерімен бөлісуге дайындығын көрсетті.

  Жұмыс жылдары ол Риддердегі орман өрті мен  Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны салдарын жою кезінде тұрғындарға психологиялық көмек көрсетуге қатысты. Оның айтуынша ТЖ қызметкеріне батылдық, жоғары жүйке-психологиялық төзімділік, ұжымда жұмыс істей білу және қысылтаяң жағдайда шешім қабылдау қабілеті қажет.

  Біздің кейіпкерімізге стресстен арылуға және стресстік жұмыс күндерінен кейін демалуға отбасы – күйеуі мен екі ұлы, сондай-ақ сүйікті хоббиі көмектеседі. Оксана гүл өсіруді сүйеді, ал екінші қызығушылығы – аквариумистика. Қазіргі таңда оның қызметі тек жұмыс қана емес, қолдау, сенім және өзара көмектесу бағаланатын, бір мақсатты ұжымдағы біртұтас команда болып саналады.

  Отыз жылдан астам кәсіби адалдық

  Азаматтық қорғау полковнигі Қарлығаш Ахметбекова азаматтық қорғау жүйесіне 30 жылдан астам уақытын арнады. Ол қызметін 1994 жылы арнайы бөлімшенің диспетчері лауазымынан бастап, Жамбыл облысы ТЖД Жедел жоспарлау және басқару орталығының бас маманына дейін көтерілді.

  Қазіргі таңда оның құзыретіне стратегиялық жоспарлау, жедел жағдайды талдау және бөлімшелердің қызметін үйлестіру кіреді. Мамандық таңдау отбасылық дәстүрдің жалғасы болды: оның әкесі өңірлік азаматтық қорғау жүйесінің негізін қалаушылардың бірі болған.

  «Азаматтық қорғау полковнигі» атағы көпжылдық мінсіз қызметін, жоғары кәсібилігін және жұмыстағы принципшілдігін мойындау болды.

  Өнеркәсіптік қауіпсіздіктегі принципшілдік пен жауапкершілік

  Шолпан Қасенова – Қостанай облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының химия және мұнай-химия өнеркәсібін мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы. Оның жүйедегі кәсіби өтілі 16 жылды құрайды.

  Мемлекеттік инспектордың жұмыс күніне тексеру жоспарларын талдау, құжаттамамен жұмыс істеу және бақылауындағы кәсіпорындармен өзара әрекеттесу кіреді. Қызметтің маңызды бөлігі заң талаптарын түсіндіру, бұзушылықтарды жою бойынша консультация беру және нормативтік базадағы өзгерістерді тұрақты қадағалау.

  Міндеттеріне мемлекеттік қызметтер көрсету, қауіпті өндірістік объектілерді тексеру, нұсқаулар беру, кәсіпорындарды консалтингтеу және оқу дабылдарына қатысу кіреді. Оның пікірінше ең үлкен қауіптердің бірі адами фактор: қауіпсіздік талаптарына формалды қарау және ескірген жабдықтарды пайдалану.

  Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істеу кәсібилік пен ішкі төзімділікті талап етеді. Әйелдерге көбінесе ұзақ іссапарлар мен физикалық қиын жағдайлармен бетпе-бет келуге тура келеді. Қызметтің басында ол резервуарлар мен өндірістік объектілерді тексеру барысында биік қорқынышын жеңуге мәжбүр болды. Бүгінде оның тарихы қателік өте қымбатқа түсуі мүмкін салада кәсіби төзімділік пен жауапкершіліктің үлгісі.

  Шұғыл шығулардан бастап медициналық бригадаларды үйлестіруге дейін

  Гүлпатша Рысалдиева – ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкері, жедел медициналық жүйеде он жылға жуық жұмыс тәжірибесі бар. Ол өз жолын фельдшер ретінде бастап, төтенше жағдайларға шығып, зардап шеккендерге көмек көрсетумен айналысты.

  Кейін айтарлықтай тәжірибе жинақтаған соң, ол Жамбыл облысы филиалының диспетчері лауазымына тағайындалды. Қазіргі таңда ол медициналық бригадалардың жұмысын үйлестіреді, ақпараттың жедел жеткізілуін қамтамасыз етеді және бөлімшелер арасындағы өзара әрекетті ұйымдастырады. Оның қызметінде зейін қою, стресс төзімділік және тез шешім қабылдау қабілеті ерекше маңызды. Бұл қасиеттер қызметтің үйлесімді жұмыс істеуіне және қойылған міндеттердің тиімді орындалуына ықпал етеді.

  Бүл әйелдердің тарихы – кәсібилік, ішкі күш және жұмысына адалдық елдің сенімді қауіпсіздік жүйесінің негізі болатынының үлгісі.

  Азаматтық қорғау жүйесінің әйел қызметкерлері туралы жарияланымдар сериясы мерекелік апта аясында жалғасын табады.