
Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жаңартылған өрт сөндіру бөлімін ашты.
Бұл нысан Қазақстан ТЖМ-нің қызмет атқаруға заманауи жағдай жасауға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған еліміздегі өрт сөндіру-құтқару инфрақұрылымын жаңғырту мен реновациялау бойынша жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.
«Біз қалалар мен ауылдардағы қауіпсіздік үшін бірдей жағдай жасаймыз. Ауылдық елді мекендердің тұрғындары да облыс орталықтарының тұрғындарымен бірдей деңгейде қорғалатынына сенімді болуы тиіс. Өрт сөндіру бөлімдерін реновациялау еліміздің әр өңірінде жалғасады. Біз құтқарушыларға өз миссиясын сапалы атқаруы үшін ең қолайлы жағдай жасап жатырмыз», — деп министр атап өтті.
1994 жылы салынған өрт сөндіру бөлімі 30 жылдан астам уақыт бойы қызметтің заманауи стандарттарына сәйкес келмеді. Бүгінде нысан толық жаңартылды. Ғимаратта техникаға арналған заманауи бокстар, оқу сыныптары, демалыс, ас үй және душ бөлмелері жабдықталған. Аумақ толық абаттандырылып, шағын сәулет нысандары орнатылды. Жеке құрам үшін спортпен шұғылдану мен жоғары дене даярлығын ұстауға мүмкіндікті қоса алғанда қызмет атқаруға қолайлы және лайықты жағдай жасалды.
Ашылу рәсімі барысында министр жаңа жол талғамайтын көлік, автоцистерна және жедел-құтқару автокөлігі сияқты өрт сөндіру-құтқару техникасының кілттерін табыс етті. Өңірдің климаттық және жол ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа техника бөлімшенің ұтқырлығын арттырып, ауылдың өзінде де, шалғай елді мекендерде де төтенше жағдайларға тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Салтанатты іс-шара барысында ведомство басшысы халықты қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан елеулі үлесі үшін департамент қызметкерлерін наградтады. Сонымен қатар құтқарушыларға кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы үшін облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Бөлімше 32 мыңнан астам халқы бар 9 ауылдық округке қызмет көрсетіп, жедел әрекет етудің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Сарыөзек ауылындағы жаңартылған өрт сөндіру бөлімі азаматтық қорғау жүйесін нығайту, аудан тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыру және жеке құрам үшін заманауи қызмет жағдайын жасау жолындағы кезекті маңызды қадам болды.