
Жетісу облысы Көксу ауданының Балпық би ауылында Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жаңа өрт сөндіру депосын ашты. Бөлімше ауданның 41 мыңнан астам тұрғыны бар 13 елді мекеніндегі төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді.
«Біз материалдық-техникалық базаны кезең кезеңімен жаңартып, қызмет атқаруға заманауи жағдай жасап, өңірлердегі күштер топтамасын күшейтіп келеміз. Біздің міндетіміз қалалар мен ауылдық елді мекендерде қауіпсіздік деңгейінің бірдей болуын қамтамасыз ету», – деп министр атап өтті.
№4 өрт сөндіру бөлімі бұған дейін де ауылды өрттен қорғап келді, оның ғимараты 1947 жылдан бері пайдаланылып, техникалық қорытынды бойынша апатты деп танылған болатын. Нысанның жай-күйі қызмет атқару жағдайына және бөлімшенің дайындық деңгейіне кері әсер ететін. Бүгінгі күні жаңа депо толықтай заманауи талаптарға сай келеді.
Кешенде өрт сөндіру-құтқару техникасына арналған бокстар, диспетчерлік пункт, әкімшілік және тұрмыстық үй-жайлар, оқу сыныптары, ас үй, душ және жеке құрамға арналған демалыс бөлмелері жабдықталған.
Қызметкерлердің дене даярлығын ұстау үшін спорт зал жабдықталған, ал қызмет пен жаттығуларға қолайлы жағдай жасалған
абаттандырылған аумақта шағын футбол алаңы мен воркаут аймағы бар.
Ашылу рәсімі барысында ведомство басшысы құтқарушыларға өрт сөндіру автоцистерналары мен автокөліктің кілттерін табыс етті, бұл аудандағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету деңгейін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар ТЖД үздік қызметкерлері ерекше атап өтіліп, оларға кәсібилігі мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі үшін ведомстволық наградалар тапсырылды.
Жаңа өрт сөндіру депосының ашылуы Балпық би ауылы мен бүкіл аудан тұрғындарының өрт қауіпсіздігін нығайту және қорғалуының деңгейін арттырудағы маңызды қадам болды.