
Жетісу облысында қаланың орталық алаңында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов өңір бөлімшелеріне жаңа арнайы техниканың кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Рәсімге облыс әкімі Бейбіт Исабаев, департамент басшылығы, қызмет ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
Құтқару бөлімшелері заманауи техника алды, оның ішінде өтімділігі жоғары өрт сөндіру автоцистерналары, көпқабатты құрылыстардағы жұмыстарға арналған автосатылар, жедел әрекет етуге арналған жол талғамайтын көліктер мен құтқару катерлері бар.
«Материалдық-техникалық базаны жүйелі жаңарту – азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі», – деп министр атап өтті.
Жаңа техника бөлімшелердің мобильділігін айтарлықтай арттыруға, шақыруларға әрекет ету уақытын қысқартуға, қалалық және ауылдық жерлерде орын алған төтенше жағдайларды тиімді жоюға мүмкіндік береді.
Келіп түскен автокөліктер мен арнайы құралдар өңірдің климаттық және географиялық ерекшеліктеріне бейімделген, бұл әсіресе таулы жерлерде және су тасқыны кезеңінде жедел әрекет ету үшін өте маңызды.
Автопарктің жаңартылуы Жетісу облысының қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды кезеңге айналды. Заманауи техниканы табыстау өңірде заманауи және тиімді азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы жүйелі жұмыстың тағы бір айқын дәлелі болды.