Өткен демалыс күндері қар құрсауынан 155 адам құтқарылды және эвакуацияланды

Өткен демалыс күндері қар құрсауынан 155 адам құтқарылды және эвакуацияланды

  Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты өткен демалыс күндері ТЖМ құтқарушылары  қар құрсауынан 155 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарып, эвакуациялады, сондай-ақ 32 автомашинаны шығарды.

  Ауа-райының нашарлауы туралы дауылды ескертулер мен автожолдардың жабылуы туралы хабарламалар СМС-хабарламалар, ТЖМ, аумақтық бөлімшелердің интернет-ресурстары және әлеуметтік желілері арқылы халыққа жеткізілді. Авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қатысты.

  ТЖД қызметкерлері өтімділігі жоғары техникасында автожолдардың күрделі учаскелерінде адамдардың және кептелісте қалған автокөліктердің болуына патрульдеу жүргізуде. Құтқарушылар халыққа көмек көрсетіп, автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыруда.

  Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.

  Құтқару жұмыстарын ерекше атап өткен жөн:

  Қарағанды облысында құтқарушылар қар құрсауында қалған 13 адамға көмек көрсетті

  Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды облысының аумағында қар құрсауында қалған учаскелерде авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 5 автокөлік қар құрсауынан шығарылып, 13 адам құтқарылды. Бұқар Жырау ауданының Атамекен ауылынан 2 шақырым қашықтықта 3 жеңіл автокөлік қар құрсауында тұрып қалды. ТЖМ құтқарушылары оларға жетіп, көліктерді қардан жолдың тазартылған жеріне сүйреп шығарып, Атамекен ауылына дейін сүйемелдеді. Көліктерде 6 адам болған. Екінші оқиға Осакаров ауданының Сарыөзек ауылынан 6 шақырым қашықтықта орын алды. Қар құрсауында қалған автокөліктен 5 адам құтқарылып, Сарыөзек ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Сондай-ақ Абай ауданы Кұрма ауылының маңынан 2 шақырым қашықтықта қар құрсауынан жолдың тазартылған учаскесіне жеңіл автокөлік шығарылды. Көлік құралында екі адам болған.

  СҚО автожолында ТЖМ қызметкерлері бес адамды құтқарды

  Кызылжар ауданында Соколовка мен Пресновка ауылдары арасындағы автожолда қатты боран салдарынан Түмен қаласынан Петропавл қаласына қарай келе жатқан минивэннің жүргізушісі көрінуі шектеулі және қар басқан жол жағдайында басқаруды жоғалтты, соның салдарынан көлік шұңқырға түсіп кетті. Көлікте бес адам болған, оның ішінде бір Ресей Федерациясының азаматы бар еді. Жолаушылар өз күштерімен қозғала алмады және 112 нөмірі арқылы көмек сұрады. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетті. Адамдар эвакуацияланып, Пресновка ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Құтқарушылардың уақтылы әрекеттерінің арқасында жолаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қолайсыз ауа райы жағдайындағы ықтимал салдарлардың алдын алу мүмкін болды.

  Ақмола облысының құтқарушылары 16 адамды құтқарып, эвакуациялады

  Ауа райының қолайсыздығына байланысты ТЖМ құтқарушылары мен жергілікті атқарушы органдар автожолдарда тәулік бойы азаматтарға көмек көрсеті. Қорғалжын ауданында қар құрсауында қалған 6 автокөліктің жолаушылары эвакуацияланды. ЖАО күшімен автожолдың учаскесі  тазартылды, барлық автокөлік қауіпсіз жерге жеткізілді. Жақсы ауданында ақауы бар автокөліктің жүргізушісі қауіпсіз жерге көшірілді. Ол Есіл ауылының жылыту пунктінде орналасқан. Көкшетау маңындағы Чайкино ауылында құтқарушылар қар құрсауында қалған жедел медициналық жәрдем көлігін сүйреп шығарды. Жарқайың ауданында жылыту пунктіне блок-бекеттен 8 адам жеткізілді. Шортанды ауданында Жолымбет ауылының маңында тұрып қалған көліктен тағы 2 адам эвакуацияланды. Есіл ауданында жабық бекеттен жылыту пунктіне 5 адам орналастырылды. Жүргізілген авариялық-құтқару жұмыстарының нәтижесінде зардап шеккендер жоқ.

  Қостанай облысында қар құрсауынан 13 адам эвакуацияланды

  Денисов ауданы Перелески ауылының маңында «Қостанай-Қарабұтақ» республикалық маңызы бар KAZ19 тас жолында ТЖМ құтқарушылары қар құрсауында қалған адамдар мен көлік құралдарын эвакуациялау бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Ауа райының күрделілігі және жауған қар салдарынан бірнеше көлік қозғалысын жалғастыра алмады. Құтқарушылар мен ЖШС қызметкерлерінің күшімен қар құрсауынан жолдың тазартылған учаскесіне 13 адам болған жеті жеңіл автокөлік шығарылды.

  ТЖМ құтқарушылары ауа райының қолайсыздығында шетел азаматтарына көмекке келді

  Ауа райының нашарлауына байланысты, Қостанай облысы Арқалық қаласының Жалғызтал ауылынан 3 шақырым жерде «Жезқазған - Арқалық - Петропавл» республикалық маңызы бар тас жолында қалың қардың салдарынан жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып, қозғалысты жалғастыра алмаған. Көлік ішінде үш адам болған. Құтқарушылар мен Қазавтожол қызметкерлерінің бірлескен күшімен көлік құралы қар құрсауынан шығарылды. Автокөлікте «Өзбекстан - Ресей» бағыты бойынша бара жатқан Тәжікстан азаматтары болған. ТЖМ құтқарушылары шетел азаматтарын Арқалық қаласына дейін жеткізіп, жылыту пунктіне орналастырды. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Құтқарылғандар уақтылы көрсетілген көмек және жедел іс-қимылдары үшін алғыстарын білдірді.

  ТЖМ құтқарушылары 54 шетел азаматын эвакуациялады

  Ақтөбе облысы Хромтау қаласының блок-бекетінде жолдың жабылуына байланысты жүруін тоқтатқан рейстік автобустың ішінде жолаушылар қалып қойды. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, автобустан барлық азаматтарды эвакуациялап, жақын жылыту пунктіне жеткізді. Барлық 54 адам Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты. Ешкімге медициналық көмек қажет болған жоқ.