Қазақстанда 158-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункті ашылды

Қазақстанда 158-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункті ашылды

  Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Ұзынкөл ауылында ТЖМ-нің «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында 158-ші ерікті өрт сөндіру пунктінің ашылу салтанаты өтті.

  Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов, Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Жанболат Жаншин, Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова және жергілікті тұрғындар қатысты.

  Пункт жергілікті бюджет қаражаты есебінен құрылып, тәулік бойы қызмет атқару және шақыртуларға жедел әрекет ету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Онда өрт сөндіру техникасына арналған бокс, байланыс құралдарымен жарақталған кезекшінің үй-жайы, асхана, душ және демалыс бөлмелері қарастырылған. ТЖД өрт сөндіру пунктін қажетті техникамен, арнайы киім-кешекпен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар еріктілерді тұрақты негізде оқыту ұйымдастырылатын болады.

  Жаңа пункт жалпы тұрғындар саны 5 500-ден асатын Ұзынкөл, Бекей, Барбастау, Жаңа Өмір және Кемер ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Объектінің ашылуы өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартуға, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау деңгейін арттыруға және ауылдық елді мекендерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.