
Қазақстанның ТЖМ балалар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруда. Еліміздің өңірлерінде құтқарушылар тіршілік қауіпсіздігі саласындағы білім деңгейін арттыруға бағытталған оқыту сабақтарын, профилактикалық кездесулер мен ашық есік күндерін ұйымдастыруда.
Ақмола облысында ТЖД қызметкерлері Апаттар медицинасы орталығының, трассалық медициналық-құтқару пунктінің және жедел-құтқару жасағының мамандарымен бірлесіп, Көкшетау қаласының мектеп оқушыларына арналған оқыту іс-шараларын өткізді. Сабақ барысында оқушыларға түрлі төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетудің негізгі тәсілдері таныстырылып, арнайы құтқару және сүңгуірлік жабдықтар көрсетілді. Тұрмыста және қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкерлері профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бір күн ішінде шамамен 250 оқушы қамтылды.
Атырау қаласында №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында зияткерлік бағыттағы мектеп-лицей-интернатының оқушылары үшін ашық есік күні өтті. Құтқарушылар жылыту маусымында пешті жылыту және электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Оқушыларға өрт сөндіру техникасы, авариялық-құтқару жабдықтары, жауынгерлік киім мен тыныс алу аппараттары таныстырылып, олардың өрт сөндіру кезіндегі қолданылу ерекшеліктері түсіндірілді. Сонымен қатар ұялы телефондарға келіп түсетін ескерту хабарламаларына дер кезінде назар аударудың және қолайсыз жағдайларда жеке қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығы айтылды.
Халық Қаһарманы М. Айманов атындағы Тараз қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде №17 бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Балалар өрт сөндіру техникасымен танысып, бөлім ғимараты мен мұражайды аралап, өрт сөндірушілердің қызметі туралы мәлімет алды. Құтқарушылар қолжетімді әрі қызықты форматта өрт қауіпсіздігі ережелерін және оларды сақтаудың маңызын түсіндірді. Кездесу соңында құтқарушылар кішкентай қонақтарға тәтті сыйлықтар беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Елордада да оқушыларға арналған өрт сөндіру бөліміне экскурсиялар өтті. Балалар өрт сөндірушілердің күнделікті қызметімен танысып, төтенше жағдай туындаған кезде қалай әрекет ету керектігін білді, жауынгерлік киімді киіп көріп, техника мен жабдықтарды тамашалады. Медициналық және кинологиялық қызметтердің жұмысы ерекше қызығушылық тудырды.
Мұндай іс-шараларды өткізу өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын дамытуға және құтқару қызметтеріне деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.