
Жылыту маусымындағы өрттің алдын алу ТЖМ жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Еліміздің барлық өңірлерінде ТЖМ қызметкерлері тұрғын үй секторында рейдтік іс-шараларды күшейтіп, халықтың қауіпсіздігіне және тұрғындарды ақпараттандыруға ерекше назар аударуда.
Мәселен Ақмола облысы ТЖ департаменті 20 қаңтар-20 ақпан аралығы өткізіп жатқан өрт қауіпсіздігі айлығының IV кезеңі аясында Бурабай ауданының аумағында мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы құрылымдар мен волонтерлердің қатысуымен ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырылды. Үй-үйді аралау барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарының жай-күйі тексеріледі. Ақпараттық жадынамалар таратылып, өрт шыққан жағдайда дұрыс әрекет ету алгоритмі туралы мәлімет беріледі. Акция аясында тұрғын үйлерге түтінді және улы газды анықтайтын датчиктер орнатылуда. Бүгінгі таңда облыстағы тұрғын үйлерге 11 мыңнан астам датчик, оның ішінде биылғы жылыту маусымында 1 898 құрылғы орнатылды. Іс-шаралар өрттің алдын алуға, тәуекелдерді азайтуға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы ТЖД қызметкерлері шамамен 8 600 жеке тұрғын үйде алдын алу рейдтерін жүргізіп, электр желілерін және пешпен жылыту жүйелерін пайдалану кезіндегі бұзушылықтарды, сондай-ақ отты абайсыз пайдаланылғанын анықтады. Құтқарушылар ақаулы пештерді жөндеуге көмек көрсетіп, улы газды анықтайтын датчиктер орнатады, әсіресе әлеуметтік осал отбасылардың үйлерінде жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану бойынша ұсынымдар береді. Сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігі өздерінің мәдениеті мен сақтық шараларын сақтауына тікелей байланысты екені айтылады: бұзушылықтарды уақытында жою өрттің трагедиялық салдарын болдырмауға, адам өмірі мен мүлікті сақтауға мүмкіндік береді.
Тараз қаласы ТЖ басқармасының қызметкерлері тұрғын үй секторында күн сайын профилактикалық рейдтер өткізуде. Рейдтер барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары, улы газды анықтайтын датчиктерді орнатудың маңыздылығы, сондай-ақ тұрмыстағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары түсіндіріледі. Жақында «Жастар рухы» ұйымының волонтерлерімен және газ қызметінің өкілдерімен бірлесіп, Танты тұрғын алабында кезекті рейд ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қарағанды облысының аумағында өрт қауіпсіздігі айлығы аясында «Қауіпсіз пеш» профилактикалық акциясы ұйымдастырылды. ТЖД қызметкерлері полиция және волонтерлермен бірлесіп, Қарағанды қаласы Курьяновка кентінің тұрғын үй секторын аралады. Тұрғындарға пешпен жылыту жүйесін дұрыс пайдалану, электр жылытқыш құралдарын қауіпсіз қолдану, мұржаларды уақтылы тазалау және жылыту жүйелерінің жай-күйін тексеру қажеттігі еске салынды. Электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірудің алдын алу және жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Түркістан облысының Отырар ауданында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың тұрғын үйлеріне улы газды және түтінді анықтайтын 300 датчик орнатылды. Жұмыстар серіктес ұйымдармен бірлесіп жүргізілуде және алдағы уақытта облыстың басқа аудандарында да жалғасатын болады.
Қазақстанның ТЖМ профилактикалық рейдтер мен датчиктер орнату халықтың қауіпсіздігін арттырып, тұрғын үй секторындағы өрт тәуекелдерін айтарлықтай азайтатынын атап өтті.