
ТЖМ құтқарушылары балалар мен жастарды төтенше жағдайлардың алдын алуға және өскелең ұрпақтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған қауіпсіздік негіздеріне үйрету мен қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Шығыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің базасында Құмаш Нұрғалиев атындағы Жоғары колледж студенттерінің қатысуымен ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында қатысушылар өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімін киіп көріп, заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасымен танысты. Сондай-ақ кинологтардың қызметі мен олардың төрт аяқты көмекшілерінің жұмысы туралы мағлұмат алды. Бұдан өзге ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша нұсқаулық өткізіп, шұғыл қызметтерді шақыру тәртібін үйретті. Осындай іс-шаралар жастардың құтқарушы мамандығына деген құрметін арттырып, қауіпсіздік мәселелеріне саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласындағы №26 мектепке барды. Оқушыларға өрттің туындау себептері түсіндіріліп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді, сондай-ақ өрт шыққан жағдайда дұрыс әрекет ету алгоритмі үйретілді. Білімді бекіту мақсатында балаларға төтенше жағдайды модельдеу ұсынылып, өрт сөндіру бөлімшелерін шақыру тәртібі тәжірибе жүзінде пысықталды.
Тараз қаласындағы №38 «Толағай» балабақшасында өрт қауіпсіздігі тақырыбында ашық сабақ өтті. Балабақша бүлдіршіндері тақырыпқа сай көріністер дайындап, қауіпсіз мінез-құлық ережелерін айтып берді, ал құтқарушылар өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын еске салды. Мекемеде балалардың қол өнері бойынша көрме ұйымдастырылып, кейін балабақша ауласында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар балалармен кездесті. Балалар өрт сөндіру көлігінде отырып көріп, құтқару техникасымен танысты және іздеу жұмыстарына жұмылдырылатын Холмс деген лақап аты бар итті көріп, жақыннан танысу мүмкіндігіне ие болды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері оқушыларға қыстық кезеңде қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіру сабақтарын өткізді. Құтқарушылар суық мезгілде жылыту құрылғыларын, электр және газ жабдықтарын пайдалануға байланысты тәуекелдер жоғары болатынын еске салып, ата-аналардың жауапкершілігіне де ерекше назар аударды.
Осындай алдын алу шаралары балалардың қауіпсіздік саласындағы білімін арттыруға және төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.